Жаңаөзен тұрғыны тұрғын үйлердің біріндегі жарылыстың қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz."Таңғы сағат 4-ке 10 минут қалған кезде тұрып, сәресіне шай дайындап жатқанмын. Гүрс ете қалды. Үйдің бәрі қозғалып кетті. Жер сілкініп жатыр деп ойладым. Балаларымды, көршілерді ояттым. Жедел-жәрдем шақырдық. Әлі есімді жинай алмай тұрмын. Құлағымнан терезенің әйнектері шағылған кездегі балалардың шыңғырған дауысы кетер емес", - дейді Жаңаөзен тұрғыны Ұлболсын Тойметова.Жаңаөзенде болған жарылыстан 4 адам қаза тауып, тағы 13 тұрғын зардап шекті. 3 науқастың жағдайы аса ауыр. Оның біреуі денесінің 70 пайызын күйік шалған науқас санавиациямен Ақтауға жеткізілген.Алдын ала болжам бойынша, үйге келіп тұрған газ құбырында ақау болған. Содан шыққан газ ауаға таралып, жарылыс болды.Тұрғындар да жарылыс болған үйдің қасында осыдан 4 күн бұрын су құбыры жарылып, жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сол кезде жанындағы газ құбырын зақымдаған болуы мүмкін дейді олар. Себебі содан кейін тұрғындар газдың иісіне шығымданған. Алайда демалыс күндері тексеруге ешкім келмепті.Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұхановтың айтуынша, газ құбыры жердің астымен жүргізіліп, тұрғын үйге келгенде жердің бетіне шығарылған, бірақ жарылыстың нақты себебі сараптама қорытындыларынан соң белгілі болады.Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Ал жарылыстың салдарынан баспанасыз қалғандарға үй берілмек. Қазір оқиға орнын тазалау, аумақты қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр.