Алматылық ер адам осыдан екі жыл бұрын стамотологиялық креслода көз жұмған қызының қазасына дәрігердің сауатсыздығы себеп болғанын айтып, әділдік іздейді. Оның айтуынша, наркозда жатқан науқасқа препаратты тексермей салып жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап. Қызының қазасы қабырғасын қайыстырған азамат екі жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай келгенін айтады. "Ақ көйлек киіп, тойына тісін жөндетіп бармақ болған баламды тіс емханасынан табытпен шығарамын" деп ойламадым дейді."Кім кінәлі дейсіз бе? Олар бәрін алдын ала ескеруі тиіс еді. Олар дәрігерлер емес пе? Клиника жұмысын әлі де жалғастырып жатыр. Қызмет көрсету тізімі көбеймесе, азайған жоқ. Ал марқұм қызым онда тісін жұлдыруға барған еді... Бірақ тергеу тым созылып кетті", - деді марқұмның әкесі Александр Сергеев.Ойы сан-саққа бөлінген әке "ақ халаттылар қызымның есін жиғызбақ болып, кеуде тұсына қатты қысым жасаған" дейді. Өйткені төс сүйегі мен бірнеше қабырғасының сынғаны анықталғанын айтып отыр. "Тіпті, баламның түбіне жеткен екпені де білемін" дейді. Бірақ клиникадағы мамандар мұны теріске шығарса керек. Медициналық мекеменің маңайына да жуытпай, азаматқа жауап қатпаған."Дәрігердің айтуынша, жалпы наркоз салып ұйықтатқан. Содан соң ауыз қуысын жансыздандыру үшін "убестезин" деген дәріні салған. Медициналық сараптама кезінде осы препарат болған. Сол дәрі өлімге алып келуі мүмкін. Олар қазір өздерін мүлде кінәліміз деп санамайды. Бәрі хаттама бойынша ақталып отыр. Қайдағы хаттама? Менің хаттамам табытта жатыр", - деп күйінеді марқұмның әкесі Александр Сергеев.Екі жыл бұрын басталған даулы мәселеге қатысы бар деген клиникаға біз де бас сұқтық. Жекенің меншігіндегі медицина орталығы бізді "білмейміз", "көрмедік" деп қана шығарып салды. Ал кейіпкер кінә тағып отырған тіс дәрігері қызметте өсіп, клиниканың бас кеңсесінде жұмысын жалғастырып жатқан көрінеді. Мұнда да бас дәрігер сұхбат беруден бас тартты."Әзірше кім кінәлі екені белгісіз. Біздің мақсатымыз - толық зерделеп, тексеру. Медициналық қылмыс ұзақ тергеледі, өйткені бір емес, бірнеше маман жұмылдырылады. Олар да жан-жақты зерттеу жүргізеді. Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-тармақтары тіркеліп, қазіргі таңда қосымша кешенді сот медициналық сараптама тағайындалды", – деді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.Айта кетейік, фарм-бақылау комитетінің мәліметінше, былтырдың өзінде 7 мыңға жуық шағым келіп түскен. Оның ішінде 350 іс тіс дәрігерінің жұмысына қатысты. Ал кезектен тыс тексеріске түскен 43 тіс емдеу клиникасында қызмет көрсету стандарты бұзылғаны анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, келген науқастардың денсаулығына қатысты анықтама қағазы толтырылмаған.