Елімізде 20 мың отбасы сәби сүйе алмай жүр. Жас жанұялардың 15 проценті белсіздік пен бедеулікке шалдыққан. Бұл әрбір алтыншы жұп бала үнін аңсап жүргенін көрсетеді. Мәселенің ушығуына жыныстық сауаттың жоқтығы әсер, - дейді мамандар. Бала 5 жастан бастап уролог пен гинекологқа жүгінсе, мұндай проблема туындамайтынын айтады. Ата-ана нені ескеру керек? Аружан Задабек айтып береді. «Отау құрғанымызға бірнеше жыл болса да, сәби сүйе алмадық». Астары ауыр сөзді қазір жиі еститін болдық. Бір емес, екі емес, қанша адамның басында осы проблема. Неге мұндай отбасылардың қатары көбейіп кетті? Бұл сұрақтың туындауы орынды. Оған бірнеше себеп бар. Әйел бедеулігінің 20 проценті бала күнде туындаған сырқаттың әсерінен, - дейді мамандар. Ер адамдарда да дәл солай. Ата-аналар балдырғандарының денсаулығына көңіл бөлмейді. Нақтырақ айтсақ, дәл жыныстық дамуын қадағаламайды. Салдарынан бүкіл ауру ер жеткен шағында шығады. Әйгерім ДОЩАНОВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ РЕПРОДУКТИВТІ ӘЛЕУЕТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 8-9 жастағы балалардың 19 проценті – семіздікке шалдыққан. Бұл баланың бедеу болуына алып келеді. Өйткені, семіздік ер адамның спермасына тікелей әсер етеді. Әр адам проблеманы алдын-ала алады. Біз соны түсінбейміз. Бала кезден дәрігерге қарал, өзіңнің дене нормаңды қалыпта сақта, дұрыс тамақ іш. Сонда бала сүю мүмкіндігін әлдеқайда жоғары болады. Тек асқынған кезде ғана қадам жасау дұрыс емес. Иә, біз кейде тек мәселенің салдарымен күресеміз. Ал, оны алдын-алу, себептерін анықтау екінші кезекке түсіп қалады. Бала кезден жүйелі тексеруден уақытылы өткен жігіт пен қыз түрлі аурудан ада болары анық. Дегенмен мәселе бұл ғана емес. Жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тартатындар да бар. Олар карьераны алдыңғы шепке шығарып, сәбилі болуды кейінге шегереді. 30-дан асқан шақта ғана бала үнін аңсайтынын ұғады. Ал ол кезде адамның репродуктивті жүйесі қабілетінен айырылуы мүмкін – дейді дәрігерлер. Тамара ЖҮСІБАЛИЕВА, РЕПРОДУКТИВТІК МЕДИЦИНА ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір, көбінесе, үлкен жастағы әйелдер келеді бізге. 40-тан асқан. Олар бұл жасқа дейін не істеді? Карьера құрды, материалдық жағын ғана ойлады. Олар уақыт өтіп жатқанын ескермеді. Сосын келеді дәрігерлерге, ал біз ол кезде көмектесе алмауымыз мүмкін. Өйткені мүмкіндік өте аз. Бұл – басты себеп. Қазір елде бала көрсеткіші төмендеп жатыр. Оған осындай факторлар әсер еткен. Қазір балалы болудың түрлі тәсілі бар. Ол туралы жиі жазып, айтып жүрміз. Қазақстанда экстрокорпоральды ұрықтандыру 1996 жылдан бастап қолданылды. Содан бері 25 мыңнан аса бала дүниеге келген. Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, «ЭКОМЕД» ЕМХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Жастар ойлайды, бүгінгі күні барлық тірлігімді бітіріп алайын, үй алып алайын, оқуымды бітірейін, әдемі болып жүрмін әлі, түрім жас дейді да, уақытын жоғалтады. Ал, кейін жасы ұлғайғаннан кейін эконың өзі көмектеспеуі мүмкін. Сіздің ұрығыңыз бүгін аз болса, 20 жаста, 30 жаста 2-3 есе азаяды. Сондықтан уақытысында ұрпақты болуды саналы түрде жоспарлаған дұрыс. Әлем бойынша 185 миллионнан астам адам бедеулікке тап болған. Медицина бір орында тұрмайды, сондықтан түрлі процедураларды жасау арқылы балалы болуға мүмкіндік бар. Жұмыртқаны криоконсервациялау, суррогатты ана көмегі, донорлық ұрық жасушаларын қолдану. Мұнын барлығы - қолжетімді. Бірақ осының барлығын қиындатпаудың тағы бір тәсілі бар. Алдымен жыныстық сауатты арттыру, Яғни, осы тақырыпты іште бүгіп қалмай, мәселемен бала кезден күресу - маңызды. Одан бөлек, неғұрлым ерте жанұя құрсаң, соғырлым мүмкіндік көп, – дейді дәрігерлер. Сәби сүюге ең тиімді кез – 18 бен 25 жас аралығы.