Түркістан облысында кәсіпкерлерге тыныштық жоқ. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек осылай деп дабыл көтерді. Ол тіптен кәсіпкерден ай сайын бір миллион теңге талап еткен топтың қаскөйлік әрекетінен видео дәлел де жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.Айтуынша, кафе, мейрамхана және минимаркеті бар кәсіпкерді жергілікті жігіттер бопсалап келген. Ай сайын ақша беріп тұруға келіспек болған. Оған кәсіпкер жігіт көнбеген соң, жұмысшылардан бастап кәсіпкердің отбасына дейін ұрып-соғуға көшкен. Тек өзгенің дайын жұмысынан еңбексіз пайдакүнемдікті ойлағандар кәсіпкер мен оның жұмысшысын бірнеше рет соққыға жыққан. Даудың соңы атысқа дейін жеткен. «Түркістан облыстық Прокуратурасына тағайындалған жаңа басшысының назарына! Кәсіпкерлерге тыныштық бермейтін «бандиттерден» бұл өңірді тазартуды сұраймын! Президентіміз кәсіпкерлерді қолдауды, құқықтарының тапталмауын үнемі өз жолдауында айтып, қатаң ескертіп отырады. Бізге сол 90 жылдар қайтып келген бе? Айдың-күннің аманында «айына табысыңнан 1 миллион теңгеден тұрақты түрде беріп тұрасың!» деп талап ету - бұл не деген сұмдық? Барып тұрған заңсыздық қой! Қарақшылар кәсіпкердің жеке меншігіне келіп ұрып-соғып, ақша талап етеді. Бірақ Облыстық Прокуратура қарақшыларға емес, кәсіпкерге «адам өміріне оқталды» бабымен іс ашты дегенді қалай түсінейін? Біздің елде кәсіп ашып қажеті жоқ! Өзіңнің дүкеніңде тұрып таяқ жейсің, оны қорғасаң тағы басың бәлеге қалады!», - деп жазды заңгер. Тағы бір сорақысы «бандиттердің» арасында полиция қызмкеткері де жүрген. Ол Шымкент қалалық ПБ қарасты мекемеде жұмыс істейтін Бақытжан Лес деген құқық қорғау қызметкері болып шықты. «Келген қарақшылардың арасында Шымкентте полицияда жұмыс істейтін қызметкер де бар екен. «Бандиттер» мен құзырлы органдар бірлесіп отырып, істеп отырған кәсібіңнің быт-шытын шығарады», - деді Айгүл Орынбек. Шулы оқиға Ордабасы ауданының Қараспан ауылында болған.