Баспаналы болу - көпшіліктің басты арманы. Бірақ, екінің бірі үйді қолма-қол қаржыға сатып ала алмайды. Банк жағалап, тиімдісін, пайызы азын іздейді. Алғашқы жарнасын салады. Ең қызығы, өзі жинаған қаржыға да пайыз қосылады. Мұны депутаттар қаржылық қулық деп бағалады. Қызылжарлық Азат Жолтай "Отбасы банкіне" 3 миллион теңгедей қаржы салды. Өткен жылдың күзінде 9,5 миллион теңге тұратын 2 бөлмелі пәтер алды. Ипотекасын жабу үшін 7 жыл мерзім берілген. Оның өзінің жинаған қаржысына да пайыз қосылған.Азат ЖОЛТАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:Әрине, басында мені ескертті. Яғни, сіздің пайызыңыз сіздің жетпейтін суммаңызға ғана емес, толығымен пәтердің құнына саналатыны. Әрине бұл жерде сұрақ туындайды. Неге жылдар бойы, айлар бойы өзім жинадым, жеткілікті емес суммаға ғана қосылмайды деп пайыз. Азат секілді өзі жиған қаржысын несиеге алғандар аз емес. Оны депутаттар да көтерді. Қаржылық қулық деп пікір білдірді. Ислам СҰҢҚАР, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:Адамға өз ақшасын пайызбен беру және бұл үшін қосымша банк комиссиясын алу қаншалықты әділетті? Салымшылардың наразылығына банк бұл ақша депозитте жатыр, оған пайыздық мөлшерлеме және мемлекет сыйлықақысы да бар деген жауаптар береді. Бірақ бұл жай ғана қаржылық айла деп есептейміз. Өйткені депозит мөлшерлемесі небәрі 2 пайызды құрайды. Мемлекет сыйлықақысы шектеулі сомаға, яғни 200 АЕК беріледі. Мамандар бұл жүйені Мемлекет кепілдік беретін пирамида деп санайды. Себебі, халық өзі қаржы жинайды, сол қаржыны өздеріне несие ретінде береді. Айбар ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:Проблема аралық займда. 3 жыл жинайтын адамдардың саны көп болған жоқ Қазақстанда. Көбісі 3 жыл жинауға шыдамады. Депозиттерін шешіп алып кетіп жатты. Клиенттерді ұстап қалу мақсатында аралық займ енгізілді. Аралық займ дегенің банктің өзің жинаған қаржыны несиеге беретін бағыты. Жинақтаушылардың басым көпшілігі неге осы жолды таңдайды?Мархабат СЫНАСАПОВА, "OTBASY BANK" АҚ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:Клиенттер 3 жыл немесе оданда көп уақыт депозитте өзінің 50 пайыз қаржысын жинақтап күтуге уақыты жоқ. Дегенменде қолында 50 пайыз қаржысы бар. Сол қаражатты депозитке салады. Депозитке салғасын кемінде 6 ай күтуі қажет, бағалау көрсеткіші кемінде 5 деген межеге жетуі үшін. 6 ай күткеннен кейін төлем қабілетін растап несие рәсімдейді. Несие рәсімдегенде тұрғын үй жинақ жүйесінің заңына сәйкес бұл жерде толықтай несиенің мөлшерлемесі толық 100 пайызға жүргізіледі. Талап бойынша есеп шоттың ашылғанына кемі 3 жыл, алатын үйдің 50 пайыз ақшасын жинауыңыз шарт. Бағалау көрсеткіші 16-ға жетуі тиіс. Сол кезде артық пайызсыз баспаналы бола аласыз.