Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев маңғыстаулық мұнайшыларды полицияның не себепті алып кеткені жайында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.11 сәуір күні кешке Энергетика министрлігі алдына жиналып, рұқсатсыз ереуіл ұйымдастырған жаңаөзендіктерді полиция ішкі істер органдарына алып кеткен болатын. "10 сәуір күні Маңғыстау облысынан келген «БерАли Маңғыстау Company» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары Энергетика министрлігі ғимараты алдында заңсыз жиналыс өткізді. Олардың талаптары өздерінің бұрынғы жұмыс істеген ЖШС-ге қайта жұмысқа алу немесе квазимемлекеттік сектор саналатын «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнына жұмысқа алу болды. Бұл мәселені шешу үшін «Қазмұнайгаз» және Энергетика министрлігінің басшылық құрамы осы жұмысшылармен кездесу өткізді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізді", - деді Өмірәлиев. Сөзінше, оларға дәл бұрынғы еңбек жағдайы, жалақысын сақтай отырып, Маңғыстаудағы басқа компанияларға жұмысқа орналастыру ұсынылды. Алайда ереуілге қатысушылар ұсынысты қабылдамаған. "Заңсыз жиналысты өткізу тәртібі бұзылды. Мұндай жиналыстыр хабарландыру арқылы өткізіледі. Жергілікті атқарушы органдарға 5 күн бұрын хабарлама берілуі қажет. Бірақ мұнайшылар мұндай хабарламаны жолдамаған. Сол себепті прокуратура органдары жергілікті әкімдікпен бірге жұмысшыларға заңның талаптарын сақтауды бірнеше рет түсіндірді", - деп айтты Бас прокуратура өкілі. Ол атап өткендей, мұнайшылар ескертуді елемей, ереуілді жалғастыра берген. Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше түнде Астанадағы Энергетика министрлігі алдына жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп жиналған 150-ге жуық мұнайшылар бейнеүндеу жолдады. Маңғыстаулықтардың алдына шыққан «Қазмұнайгаз» өкілдері келіссөз жүргізілетінін айтты. Осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пікір білдіріп, мәселе қалай шешілетінін айтты.