Бүгін– Ұлттық киім күні. Ұлтымыздың ұлылығын айшықтайтын ұлттық киім ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Қазақы оюланған әшекейлер, сәукеле мен кимешек, шапан мен кең етекті көйлек болмысымызды ерекшелеп тұрады. Наурызнама он күндігі бойынша бүгін еліміздің барлық аймақтарында ұлттық киімдерді кеңінен насихаттауға бағытталған түрлі шаралар өтуде. Қазақтың ұлттық киімі мен әшекей бұйымдарында төл мәдениетіміз бен тарихымыз, салт дәстүріміз бар. Бұл -ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлттық болмысымыз. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық нақышта киіну үрдісі өте орынды бастама екенін айтты, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн деді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық киім дәріптелді. Алматыда ұйымдастырылған сән көрмесіне жас сән-киім шеберлерінің, жоғарғы оқу орындары студенттерінің ұлттық нақыштағы жетпістен аса киім үлгілері көрсетілді. Және мұнда "Белсенді ұзақ өмір" орталығының жанынан құрылған "Алматы әжелері" ересек сәнқойлар тобы да өздерінің топтмаларын ұсынды. Әжелеріміз Италияның Милан қаласында өткен сән апталығына қатысып, ұлттық үлгілерімізді көпшіліктің көзайымына айналдырған. Зина Ищанова, "АЛМАТЫ ӘЖЕЛЕРІ" ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Осы ұлттық киім салт-дәстүрмен тарихпен, мәдениетпен зор байланысты. Біздің осы топ құрғандағы мақсатымыз ұлттық киімді насихаттап, әлемге көрсетіп+осы бүгінгі жастарға үлгі болсын деп насихаттап, сөйтіп жоспарлағанбыз. Жас дизайнерлер ұлттық киімді насихаттау үшін оны күнделікті кию тәртібіне енгізіп, соған ыңғайлы үлгіде тігілу керегін айтады. Адия ХАМИДУЛЛА, ДИЗАЙНЕР: Заманауи түрде этно стилді таныстырып жатырмын, күнделікті өмірде жастар кие алатындай. Күнделікті өмірге ыңғайлы киім болу керек және оған бейнеленетін суреттердің мән-мағынасы болуы керек. Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Бұл - күнделікті киюге арналған киімдер. Мына күлгін түсті көйлектегі ұлттық нақыш жеңі мен етек желбіршегінде. Ал мынау үлгіде негізгі басымдық жейдедегі оюға, тақияға және қосетекті белдемшеге қойылған. Қарапайым, киюге өте ыңгайлы. БҰл ұлттық киімдерді ұялмай кез-келген жерге киюге болады. Ұлттық ою-өрнектерді қолданудың өзіндік тарихы бар. Мәселен, қошқар мүйіз байлықты, құсқанаты -бейбітшілікті білдіреді. Сондай-ақ ою-өрнектердің ішінде әсіресе таңдай, гүл, арқар мүйіз көбінесе киім-кешектердің жеңіне, қалтасына және жағасына салынады. Мұндай әсем киімді мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де қазақи киюді жұрт әдетке айналдырған. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Жалпы қазір ұлттық нақыштағы киімдер трендке айналып келе жатыр. Оған мен өте қатты қуаныштымын. Мысалы, менің үстімдегі пиджак пен этно дизайндағы әшекей бұйымдар. Мен оларды күнделікті киемін. Және әрбір қазақ жасы киіп, өзіміздің ұлттық нақышымызды ұлықтай берсе деймін - Қазақтың ұлттық киімдері, корсеттер, шапандарды шығып жатқан, жақсы қолдаймын. Өйткені бұрынғыларға қарағанда осындай корсеттер жастарға тренд болып жатыр. Өйткені бізгі осындай этно киімдердің заманауи түрде шыққаны өте ұнайды. - Мен ұлттық киімдерді күнделікті киюге жақсы қараймын. Мысалы, менің құрбым пиджактарды заманауи этно заттармен салады.Мен соны жақында сатып алмақшымын. Ал Қызылжарда мемлекеттік органдарда шенеуніктер күнделікті костюмдерін ұлттық киімге ауыстырған. Сондай-ақ, наурыздың 22-і күні ұлттық киім киген жолаушылар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Әсем АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Биыл алғаш рет бізде 22 наурыз күні ұлттық киімді киетін тұрғындардың жолақылары тегін болады. Бұл облыс басшылығының бастамасымен жүзеге асып отыр. Бұл идеяны жалпы қоғамдық тасымалдаушылар да қолдап отыр. Әзірге бірінші жыл ұйымдастырып отырмыз. Одан кейін жыл сайынғы дәстүрге айналдыру жоспарда бар. Ұлттық киімді ұлықтау мақсатында елімізде арнайы челлендж бастады. Жастар сәні мен салтанаты келіскен киімді киіп, паш етуде. Ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киім гана емес, сан алуан түрлілігімен, айрықша дизайнымен ерекшеленетін әшекей бұйымдар да- ұлтымыздың мақтанышы.