Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның маңыздылығы жайлы айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. «Құрметті саммитке қатысушылар, өздеріңізге мәлім, осы күнге дейін біраз шаруа атқарылды. Нақты жетістіктеріміз бар. Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркі тілдес мемлекеттер ынтақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. «Түркі әлемінің келешегі-2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Орталық құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынетымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат - өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу бәрімізге ортақ міндеті», - деді ол.