Батыс Қазақстан облысында жұмыссыздардың қатары азаяр емес. Ал кәсіпкерлер қызметі көңілден шығар білікті жұмыскер таба алмайтынын айтады. Бүгінде өңірде тұрақты кәсібі жоқ 16 мың адам нәпақасын әр саладан іздеп, сенделіп жүр. Бір қызығы, төрт жылдан бері осы көрсеткіш өзгермепті. Тілшіміздің материалында толығырақ.Еңбекпен қамту орталығының дерегінше, бос жұмыс орындары көп. Әсіресе дәрігер, инженер, аспаз мен мұғалімдерге сұраныс жоғары. Бірақ жұмысберушілер лайықты маман таппай жүр. Азат ТАБЫЛҒАЛИЕВ, КӘСІПКЕР: Ағылшын тілі, музыка пәнінен, дене шынықтыру жағынан, самооборона жағынан мұғалімдер керек болып жатыр. Келетін мұғалімдер талапқа сай келеді, бірақ практикаға жоқ, опыт жоқ, сол жағына байланысты. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Жұмыс іздеген адамға екі қолға бір күрек қашан да табылады. Бірақ көбі бейнетке толы қара жұмыс: жалданып жүк тасу немесе ауланың мұзын ойып, қар күреу әлде көлік жуу. Тіпті қолыңыздың ебі болса жиһазды бұзып-құрастыруға да болады. Бірақ мұның бәрі уақытша. Сондықтан табысы да тұрақты емес. Табысы тұрақты болмаған соң Хамит Мұхамбетовтың банктерге берешегі миллионға жуықтапты. Осының кесірінен бір кездегі дене шынықтыру пәні мұғалімінің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы мүмкін емес. Хамит МҰХАМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Елуден асқан адамға тіптен қиын жұмыс табу. Мысалы, мен өз қара басым қандай жұмыс болса да талғамаймын. Жабылмай қалған миллионға тарта несием бар. Официально жұмысқа кіретін болсам, менің уже 200 мың айлығым болатын болса, 100 мыңын ұстап отырады. 100 мың болатын болса, 50 мыңын ұстап отырады. 50 мың теңгемен, мысалы, мен қалада күн көре алмаймын. Шенеуніктер мұны қойылар талап жоғары екендігімен түсіндіреді. Яғни, жеке кәсіпкерлер білікті маманға айлықты аз төлегісі келеді, ал жұмыссыздар жалақысы көп болғанын қалайды. Исатай МЫҢБАЕВ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Оқу орындарын жаңа тәмамдаған азаматтардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Жұмысберуші ол кісіден жоғары білімді, үлкен еңбек тәжірибесін талап етуі әбден мүмкін. Осындай проблемалар еңбек нарығында жиі кездесіп жатады. Қазір жұмыссыздарды қайта бейімдеп оқыту және өз кәсібін ашам дегендерге түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Бірақ тұрақты жұмыс тапқандар саусақпен санарлық.