Батыс Қазақстандық шаруалар кенеден кесел келгенін айтып дабыл қағуда. Айтуынша, кене буған мал оңалмайды, тіпті түрлі ауруға шалдығып, өліп қалуы да мүмкін. Ауылдықтар мұны киіктің көптігінен көреді. Ал Ұлытау жерінде 100-ден астам ақбөкен қырылып қалған. Оған не себеп? Өңілердегі тілшілеріміз тарқатып айтады.Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Былтыр жайылым мен шабындықты отаған киіктен зардап шектік деп шағымданған облыстың оңтүстік аудандарындағы шаруалар енді кенеден кесел келгенін айтып дабыл қағып отыр. Ауылдықтар бұл кеселді түз тағылары таратқанына сенімді. Енді олар төрт түлікке ақбөкендерден басқа ауру жұға ма деп қауіптенеді. Қазір облыстың Бөкей Ордасы, Казталов, Жәнібек аудандарындағы жағдай қиын. Өйткені тезірек қамданбаса, кене талаған малдың өліп қалуы да мүмкін. Ақылбек САҒИТОВ, БҚО ШАРУАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Мал басында жүрген, бұрыннан сол жерде еңбек етіп жатқан үлкен кісілердің өздері де айтып жатыр: бұрын мұндай көп көлемдегі кенені көрмеп едік. Бірен-саран болатын еді, бірақ мынадай көп көлемде даланы осылай қаптайды дегенді бірінші рет кездестіріп отырмыз дейді. Малға жабысқандарды алып, шаруалардың өздері қолынан келгенше әрекет жасағанын көріп жатырмыз. Енді ол бүгін жасаймыз дейді, ертесіне қайта толып кетеді дейді үстіне. Ал шенеуніктердің айтуынша, кене секілді зиянкестерден мал иесінің өзі қорғануы тиіс. Өйткені ол өзінің меншігі. Бірақ соңғы жылдары кене көбейіп кеткен соң, биыл дәрі-дәрмекке 27 млн тг бөлініпті. Серік НҰРМАҒАНБЕТОВ, БҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгін оны киіктен жұқты деп айтуға болмайды. Әрине киіктің де қатысы бар, басқа айталық, қоянның не болмаса қабанның, кеміргіштердің, тышқаның да өздерінің септігін тигізеді. Бұлар да кенені тасымалдаушы болып есептеледі. Немесе ветеринариялық тілмен айтқанда екінші, үшінші хозяйндары болып есептеледі бұлар. Былтыр 139 мың сиыр егілсе, биыл дәрінің қымбаттауына байланысты тек 100 мыңға тарта мал қамтылған. Олар кененің көбейгенін жылда қайталанатын жағдай деп жұбатты. Әрі көктем жылдағыдан 20 күн ерте шықты. Сондықтан кене де ерте бас көтерген көрінеді. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Аймақ атқамінерлері алдағы күндері кеңесіп, кенемен қалай күресетінімізді талқылаймыз дейді. Осы жиында малды егу әлде әуеден ұшақпен у шашудың қайсысы тиімділігі нақтыланады. Бірақ шенеуніктердің кеңесіп біткенін кененің күтпейтіні анық. Айжан, Ұлытауда киік қырылды деген дерек шықты. Анығын өзіңнен білгіміз кеп тұр.Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 100-ден астам ақбөкен қырылған. Көбі – ұрғашы киік пен лақ. Өлекселерін орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары тауып алған. КСМ Бұл кадрларда табиғатты қорғау инпекторлары жаппай қырылған ақбөкендердің денесін жинап жүр. Мамандардың айтуынша, киелі жануарлар қыстан шыға алмай әлсіреп өлген. Жыл сайын 35 мың ақбөкен Сарыарқа арқылы Бетпақ далаға жер аударады. Инспекторлар сапарды жылдамдату үшін темір жолдардағы бөгеттерді де алып тастапты. Алайда 5 мыңға жуық жануар Сарыарқа даласында қалып қойған. Закария ТҰРӘЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Қатты аяз болды, қалың қар жауды. Жаңбыр араласып жер мұз болып қалды. Жануарлар жайыла алмады. Қорек жетпеді. Табын әлсіреп жүре алмаған. Ал Қарағанды облысында жылқы ауруы өршіп барады. Бұқар жырау ауданынына қарасты Үміткер ауылында 70 бас ірі қара эпизоотикалық лимфангит немесе африкалық сап деп аталатын инфекциялық дертке күдікпен оқшауланды. Малдың тұяғы, сирақтары мен лимфожүйелері іріңдеп кеткен. Табын қыста боранда жоғалып кетіп, 1 жарым айдан соң 180 шақырым қашықтағы Павлодардан табылған болатын. Қараусыз қалған мал әбден әлсіреп инфекцияға төтеп бере алмай қалған дейді ветеринарлар. Қайырбек ТҰРСЫНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Эпизоотикалық лимфангит ауруына күдік туды. Зертхана сараптамасы шыққанға дейін ол шектеу болады. Яғни сол өңірден мал сату, мал қозғалысы болмас үшін бірдейленген дерекқор жүйесіндегі ветеринарлық құжаттарды рәсімдеу жүйесіне сол ауылға блок қойылады. Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: Ауру расталса бүкіл ауыл карантинге жабылады. Негізі бұл дертке вакцина салынбайды. Қазірге дейін емделген малдың 9-ы өлген. 20 шақтысы жазылып келеді. Мал дәрігерлерінің айтуынша, сауыққан жылқыдан қауіп жоқ.