Батыс Қазақстан облысында бұрын сотты болған тұрғын көршісінен ақша бопсалаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.Шыңғырлау ауылының бұрын екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұрғыны бостандыққа шыққаннан кейін ескі әдетін қайта бастаған. Ол көлік жөндеу орталығы иесінен ақша бопсалаған. БҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ауыл тұрғынының қылмыстық іс-әрекетін әшкереледі. Анықталғанындай, 42 жастағы күдікті 20 маусым мен 16 шілде аралығында өзінің 34 жастағы көршісіне күш қолдану арқылы қауіп төндіріп, жәбірленушіден ақшалай қаражат бопсалаған. Жеке тінту барысында ұсталған адамнан жәбірленушіден алған 60 мың теңгесі, сонымен қатар ерекше иісі бар қара-жасыл заты бар қағаз бумасы және ОРРО телефоны табылып, тәркіленді. 42 жастағы күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 18 жылға жуық бас бостандығынан айыру орындарында отырған. Белгілі болғандай, мұндай ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру тиісті нәтиже бермей, бостандыққа шығып, тағы да қылмыстық жолға түскен. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.