Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы үш ауылдың судан тарыққаны соншалық, тұрғындарға тамақ пісірудің өзі оңай болмай тұр. Өйткені осыдан он жеті жыл бұрын «Таза су» бағдарламасымен жүргізілген құбырлардың тозығы жеткен.Су айдайтын мұнара бірнеше жерден тесілгендіктен, қысым да жоқ. Су сүзетін құрылғылар да ескірген. 2007 жылы бұл нысан сенімгерлік басқаруға жекеменшікке беріліпті. Бірақ тұрғындардан жиналатын ақы өзін ақтамайды, дейді кәсіпкер. Электр қуатына берешегі көбейген ол қарызға батып, банкрот болғанын айтады. Ал ақша уақытылы төленбесе, электр қуаты ажыратылуы мүмкін. Қазірдің өзінде ас-су дайындау оңай емес, дейді тұрғындар. Айсұлу НҰРТАЕВА, ЖӘНІБЕК АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Күнделікті су мұқтаждық қой бізде. Құдық болса жоқ. құдық қазсаң кез келген жерден ащы су шығады. Тұщы су шықпайды. Башнядан жіберген күні аламыз. Жібермей кей уақытта қалып қояды, сол уақытта тамақсыз қалып қоямыз. Тамаққа су жоқ. Аудан әкімдігінің дерегінше, желіні жаңартуға 986 миллион теңге керек. Бірақ республикалық бюджет бекітілер кезде жәнібектіктердің жанайқайы ескерілмей қалыпты. Енді тезірек қаржы бөлінбесе, 2,5 мыңнан астам ауылдықтың сусыз қалуы мүмкін. «АМАNАТ» партиясына үміт артқан аудандық мәслихат депутаттары жағдайды түсіндіріп, хат жолдаған. Ауыз су мұнарасын аудандық әкімдіктің балансына берсе, мәселе оңымен шешілер еді дейді. Мөлдір ӘБДІРЕШОВА, БҚО ЖӘНІБЕК АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «АМАNАТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Мемлекетке беретін болса, жағдайы әйтеуір мүшкіл болмас еді деп ойлаймыз. Сосын манағыдай реконструкциядан өткізіп, екі насос керек болады, сосын тұрбаларын жөндеу керек болады. Фильтрлерінің бәрінің тозығы жетіп тұр. Солардың барлығын жаңадан қойып беретін болса, керемет болар еді.