Батыс Қазақстан облысында 9 адам бруцеллез жұқтырып алған, деп хабарлайды Aстана телеарнасы «Хабар24»-ке сілтеме жасап. Олар – Ақжайық және Шыңғырлау аудандарының тұрғындары. Қазір індет ошақтарын улау және ауру малды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың алғашқы тоқсанында 3 адам сарыпқа шалдыққан еді. Қатерлі инфекция салдарынан адамның буындары, жүйкесі мен жүрек-қан тамырлары зақымдалады. Ветеринария басқармасының мәліметінше, биыл аймақта мыңға жуық ірі қарадан бруцеллез анықталған. «Бұл ауырған адамдардың барлығы ауру жануарды күту барысында осы індетті жұқтырып отыр. Науқаспен қатынаста болған тұлғалар, барлығы 17 адам анықталып, олар тексеріліп, нәтижелері теріс мәнді болып отыр», - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Кажушева.