Биыл еліміз үшін өзгерістерге толы жыл болды. Мемлекет басшысының бастамасымен саяси-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Оның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Осы орайда, 2023 жыл тарих беттерінде қандай оқиғалармен есте қалады? Президент қандай маңызды шешімдер қабылдады, нендей тың бастамалар көтерді? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде Кazinform назарларыңызға ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлимен сұхбатты ұсынады.– Берік Уәлиұлы, биыл Президент халыққа арнаған Жолдауында Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарын айқындап берді. Жалпы, Мемлекет басшысы қандай мәселелерге баса назар аударды?– Ең алдымен, баршаңызды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында жылды қорытындылап, бізбен сұхбаттассақ деген ойыңызды құптаймын. Шын мәнінде, Әділетті Қазақстанды құру жолында маңызды саяси-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда биыл Мемлекет басшысы қоғамда Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуға, әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көшуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, бәсекеге қабілетті ел болуға, сапалы ұлт қалыптастыруға бағытталған көптеген бастама көтерді. Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыт-бағдарын айқындап, Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке ел экономикасының жыл сайынғы тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу, 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайту, еліміздің байлығы мен табысын халқымыздың арасында әділ бөлу міндеттерін жүктеді. Еліміздің 5-6 жылдағы даму траекториясын айқындайтын бұл Жолдау міндеттерінің сәтті орындалуына тек билік қана емес, жалпы халық та, іскерлік орта да мүдделі болуға тиіс. Осы себепті таяуда ғана Президент отандық бизнес өкілдерін жинап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Еліміздің макроэкономикалық саясаты, оның ішінде жаңадан әзірленіп жатқан Салық кодексі, экономиканың шикізаттық емес секторларын дамыту жөнінде мазмұнды да сындарлы пікір алмасу болды.– Осы міндеттерді орындау үшін, алдымен, нормативтік-құқықтық актілер қабылдануға тиіс екені белгілі. Биыл Президент қандай маңызды Заңдарға, Жарлықтарға қол қойды?– Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен бірқатар маңызды заңдар әзірленіп, күшіне енді. Мемлекет басшысы биыл жалпы 98 заңға, 344 Жарлыққа, 91 Өкімге қол қойды. Бір қызық фактімен бөлісе кетейін. Президент жылдың алғашқы күні де жұмысқа шығып, «Агломерацияларды дамыту туралы» Заңға қол қойған екен. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе сияқты халқының саны 500 мыңнан асатын шаһарлардың айналасындағы елді мекендерді дамыту үшін бұл заңның мән-маңызы зор. Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыратын тиісті Заңға қол қойды. Келесі жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызы еліміздің кәмелетке толмаған азаматтарының бәріне теңдей бөлінетін болды. Президенттің тікелей бастамасымен әзірленіп, күшіне енген нормативтік-құқықтық актілердің бірі – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң. Мұның бәрі еліміздің байлығын халық арасында әділ бөлуге негізделген маңызды қадамдар деп айтуға болады. Себебі қайтарылған активтердің есебінен ел өңірлерінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар салынып жатыр, яғни қаржы халықтың мұқтаждығына жұмсалады. Сонымен қатар құқық қорғау саласын, соның ішінде прокуратура мен сот жүйесін күшейтуге, Конституциялық сот органын құруға бағытталған бірқатар Заң қабылданды. Бұдан бөлек, Президенттің Жарлығымен жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Көлік министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі сияқты жаңа ведомстволар құрылғаны мәлім. Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жолындағы бұл шешімдер нақты қажеттіліктен туындағаны сөзсіз. Түптеп келгенде, әрбір құжаттың мазмұнында мемлекет мүддесін көздейтін маңызды шешімдер, тұтас саланы реттейтін заңнамалық өзгерістер жатыр.– Биыл Президент бірқатар облысқа барды. Әлбетте, облыс әкімдері Мемлекет басшысына өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму барысын жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Әйтсе де аймақтарда қордаланған мәселелер баршылық. Мәселен, жылыту маусымы кезінде болған апаттар коммуналдық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткенін көрсетті. Жалпы, Президентке аймақтағы шынайы ахуал бүркемесіз жеткізіле ме? – Дұрыс айтасыз, әрбір әкім өзі басқаратын облыстағы жетістіктерді барынша жеткізуге тырысатыны белгілі. Әйтсе де, Президент еліміздің тыныс-тіршілігін ұдайы бақылауында ұстап отыр. Ел ішіндегі шынайы ахуалмен жақсы таныс. Оның үстіне, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері күнделікті қажетті ақпаратты жеткізіп отырады. Мемлекет басшысының өзі де әлеуметтік желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын шолып, тиісті тапсырмалар береді. Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл еліміздің 14 өңіріне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыстардағы өндірістік, әлеуметтік нысандарды аралап қана қоймай, жергілікті тұрғындармен, кәсіпкерлермен, зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.Өзіңізге мәлім, Екібастұз, Рудный, Риддер, Ақтау қалаларында коммуналдық желілер істен шығып, тұрғындар қиын жағдайға тап болды. Осы жағдайлардың бәрін Президент жіті бақылауына алып, Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Тамыз айында Екібастұз жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен арнайы барып танысты. Жалпы, төтенше жағдайлар кезінде Мемлекет басшысы жұмыс кестесін бұзып, оқиға орнына шұғыл аттанып кетеді. Мәселен, Абай облысында болған өртке байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Вьетнамға ресми сапарын кейінге шегерді. Қарағанды облысындағы көмір шахтасында болған апат кезінде де оқиға орнында жедел штаб отырысын өткізді. Жақындарынан айрылған отбасылармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Азаматтарға қажетті көмек көрсетуге пәрмен берді.Мемлекет басшысының аймақтарға жұмыс сапары нәтижесінде облыстардағы қордаланған мәселелерге талдау жасалады, кейін соның негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін тиісті шешімдер қабылданады. – Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін Мемлекет басшысы ұдайы назарында ұстайды деп айтып қалдыңыз. Осы бағытта қандай шаралар атқарылды? Нақты нәтиже бар ма? – Биылғы Президент Жолдауы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталуы кездейсоқ емес. Бұл аса маңызды құжатта орта мерзімдегі экономикалық саясатымыз айқындалды, соның ішінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән берілді. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» бекітілді. Осы бағдарламаның бір бағыты – бюджеттен қамтамасыз етілетін ұйым қызметкерлерінің еңбекақысын жүйелі түрде өсіру. Мәселен, мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтердің еңбекақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 25 пайызға өсіп келеді. Осылайша, биыл педагогтердің лауазымдық жалақысы 100 пайыз көбейді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің де лауазымдық жалақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 пайызға өсті. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 2023 жылы 26 пайызға артты. Студенттердің стипендиясы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15 пайызға көбейді.Медицина қызметкерлерінің жалақысы да жыл сайын жоғарылап келеді. Атап айтқанда, дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті. Сонымен қатар 2025 жылға дейін мәдениет және мұрағат ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру жоспарланып отыр. Жалпы, бұл – өте ауқымды бағдарлама. Ауыл халқына 2,5% жеңілдікпен несие алып, кәсіп ашуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы, сондай-ақ экономиканың нақты секторларында жұмыс орындарын көбейту, мемлекеттің әлеуметтік қолдау шаралары осы кешенді құжат аясында жүзеге асырылады.– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін инвестицияның мәні зор. Осы ретте Қазақстан экономикасына тартылған инвестицияның көлемі қандай? – Президент экономикамызға, әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес секторларға инвесторлар тартуға ерекше мән береді. Кез келген шетел сапарында сол мемлекеттің ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен артықшылықтарын таныстырады. Елімізде инвесторларға барынша жағдай жасалып отыр. Таяуда Президент Жарлығымен Инвестициялық штаб құрылды. Енді аталған Штаб шығарған шешімдерді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері орындауға міндетті. Демек, жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс тиімділігі олардың қанша инвестиция тартқанына, инвестициялық жобаларды нәтижелі жүзеге асырғанына қарай бағаланады. Жалпы, биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша шетелден 13,3 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылған екен. Оның ішінде Нидерланд – 3 миллиард доллар, АҚШ – 1,9 миллиард доллар, Швейцария – 1,7 миллиард доллар, Ресей – 1,1 миллиард доллар; Қытай – 748,3 миллион доллар; Оңтүстік Корея – 717 миллион доллар; Бельгия – 585,3 миллион доллар; Франция – 458,4 миллион доллар; БАӘ – 408,7 миллион доллар; Люксембург – 238, 5 миллион доллар инвестиция салған.– Ал отандық кәсіпкерлерді қолдауға қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Отандық кәсіпкерлікті дамыту мәселесі Президенттің айрықша назарында. Себебі шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі тірегі. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің кәсіпкерлерге барынша көмек көрсетуі қажет екенін ұдайы айтып келеді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бизнесті қатаң реттеуден оны проактивті ынталандыруға бағытталған жаңа нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Нәтижесінде, кәсіпкерлік белсенділіктің үлесі 10 пайызға артты; әкімшілік жауапкершілікке тартылған бизнес өкілдерінің саны 50 пайызға азайды; мемлекеттің бизнес-процестерге араласу көрсеткіші төмендеді.– Мемлекет басшысы келелі жиындарда үнемі маңызды бастамалар көтереді. Соның ішінде биыл жүзеге асырылған бастамаларды атап өтесіз бе? – Әрине атап өтуге болады. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамалары дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанына өздеріңіз де куә болдыңыздар деп ойлаймын. Айталық, жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен ұштастыру мақсатында бес жастан асқан жеткіншектерге арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселесі қолға алынды. Бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.Президент халықаралық жиындарда да елімізге пайдалы бастамалар көтеріп жүр. Байқасаңыз, Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту мәселесіне баса мән береді. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығы құрылды; «Қорғас» құрғақ порты іске қосылды; «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік магистралі жұмыс істеп тұр; Қытайдан Иранға апаратын жаңа теміржол дәлізі тартылды. Бұған қоса, Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза теміржол жобаларын жүзеге асыру қолға алынды. Сонымен қатар Қытай тарапымен «Аягөз – Тачэн» теміржолы құрылысын жүргізу туралы меморандумға қол қойылды. Мемлекет басшысы ұсынған барлық бастама ел игілігіне қызмет етеді.– Енді халықаралық қатынастар саласына ойыссақ. Осы бағытта атқарылған жұмыстарды түйіндей кетсеңіз... – Биыл еліміздің сыртқы саясатына қатысты жұмыстар өте белсенді жүргізілді. Жалпы, Президенттің қатысуымен көпжақты және екіжақты қарым-қатынастар аясында 268 іс-шара өтті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдерге 19 рет сапар жасады. 27 халықаралық форум мен саммитке қатысты. Атап айтқанда, шет мемлекеттердің президенттерімен 30, шетел үкіметтері басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, іскер топтар өкілдерімен 106 кездесу өткізілді. Мемлекет басшысының сапарлары шеңберінде 18 екіжақты құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар 27 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. 41 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.Теңгерімді және конструктивті сыртқы саясат еліміздің ұстанатын басты бағыты саналады. Осы орайда ұлттық мүддені қорғау, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақтау мәселесі басты назарда болды. Биыл Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі арттыру мақсатында маңызды шешімдер қабылдады. Мысалы, Солтүстік Македонияда Қазақстан Республикасының елшілігін, сондай-ақ Қытайдың Сиань, Ресейдің Екатеринбург және Германияның Гамбург қалаларында Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылдады.– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, Мемлекет басшысы биыл көптеген елге сапармен барды. Сол сапарлардың мән-маңызына тоқтала кетсеңіз. – Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл Қытайға мемлекеттік, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Вьетнамға, Германияға, Қытайға ресми, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Ресейге, Қырғызстанға, Түркияға, Сауд Арабиясына, Тәжікстанға, АҚШ-қа, Беларуське, Әзербайжанға жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайға мемлекеттік сапары барысында Төраға Си Цзиньпинмен кездесіп, маңызды келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы JD.com электронды коммерция алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын салтанатты түрде ашу және Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы 17-18 қазанда Си Цзиньпиннің шақыруымен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты. Аталған жиынға әлемнің 20-дан астам елінің президенттері, 130-дан астам мемлекеттің өкілдері келді. Осы форумда Қазақстан Президенті Төраға Си Цзиньпин мен Ресей Президенті Владимир Путиннен кейін үшінші болып сөз сөйледі.Содан кейін Президент өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашты. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайға сапарының ең бір көңіл толқытар тұсы болды. Ал Мемлекет басшысының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесіне баруын тарихи сапар ретінде бағалауға болады. Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын талқылады. Сондай-ақ Әмірліктердің іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Вьетнамға ресми сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл 28-29 қыркүйек күндері Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Федералдық Канцлер Олаф Шольцпен және Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізді. Сонымен қатар Президент Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. Германияның іскерлік қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Тағы бір айта кетерлігі, биыл С5+ форматында да көптеген кездесу өтті. Соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Президенті Джо Байденмен жолыққаны баршаға белгілі. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 14 рет шетелге жұмыс сапарымен барды.Биыл шет мемлекеттер басшыларының елімізге 19 рет түрлі деңгейдегі сапармен келді. Екіжақты кездесулер барысында саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы осы жылы шетел сапарына 33, ал еліміздің өңірлерін аралауға 17 күнін арнады. Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелге және еліміздің өңірлеріне сапарлары кезінде 152 921 шақырым жол жүріп, 243 сағат 46 минутын ұшақта және тікұшақта өткізді. Бұл Жер шарын шамамен 4 рет айналып шыққанмен тең.– Өзіңізге мәлім, ел азаматтары өздерін мазалаған сұрақтар жергілікті деңгейде шешілмесе, Президентке шағымданады. Жалпы, Мемлекет басшысы кері байланысқа қаншалықты мән береді? – Президент Әкімшілігінде Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жұмыс істейді. Жалпы әртүрлі мәселе бойынша өтініштер өте көп келеді. Осы жылы жеке және заңды тұлғалардың 53 237 өтініші қаралды. Олардың бәріне уақытылы әрі тиісті жауап берілді. Атап айтар болсақ, Президентке Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсыныс жасады. Нәтижесінде биыл Республика күні қарсаңында араға 24 жыл салып, 6 жазушыға «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы берілді.Түркістанда 5 жасар бүлдіршін қыздың және Астана қаласында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты резонанс тудырған істерді жеке бақылауына алып, құқық органдарына нақты тапсырма жүктеді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Бас прокурор Берік Асыловқа, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевке әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу керек екенін қатаң ескертті. Осы орайда айта кетейік, Президент 8 желтоқсанда «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған жан-жақты шаралар қарастырылған. Президент Әділетті Қазақстанның іргесі сөз жүзінде емес, іс жүзінде, яғни нақты қадамдар арқылы беки түскенін қалайды әрі соған нақты жағдай жасайды. Мемлекет басшысы Екібастұз қаласына жұмыс сапары кезінде қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов Президенттен «Шахтер» саябағын жөндеу туралы өтініш жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті әкімдікке қаланы абаттандыру, одан да басқа мәселелерді шешу жөнінде тапсырма беретінін жеткізді. Осындай мысалдар көп. Мұның бәрі Президент айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанын көрсетеді. – Бұрын Мемлекет басшысының қызметін www.akorda.kz сайты ғана жариялап көрсететін еді. Қазіргі уақытта ресми Aqorda телеграм-арнасы өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Ақпараттардың көбі осы арна арқылы таралуда. Сондай-ақ Баспасөз қызметінің әлеуметтік желілердегі Facebook, Х (Twitter), Instagram, TikTok парақшалары арқылы да мәлімет беріледі. Оған қоса Президенттің Х (Twitter), Instagram әлеуметтік желілерінде парақшалары бар. Жалпы осы бағыттағы жұмыстар туралы айтып өтсеңіз. – Әрине, Мемлекет басшысының ресми www.akorda.kz сайты басты ақпарат көзі саналады. Президенттің қызметін халыққа жариялап көрсететін бұл ақпарат ресурсында биыл 977 материал, соның ішінде Президенттің түрлі іс-шараларда сөйлеген сөздері мен үндеулерінің мәтіні және Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды.Ал Aqorda телеграм-арнасы туралы айтар болсақ, заман талабы мен қазіргі аудиторияның әлеуметтік желіге жаппай бет бұруын ескере отырып, осындай арна ашу жөнінде 2022 жылдың 1 наурыз күні шешім қабылдаған едік. Содан бері Aqorda телеграм-арнасында 13931, соның ішінде биыл 8022 ақпарат жарияланды. Телеграм арнаға 44 428 оқырман жазылған. Мемлекет басшысының Х (Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасы 2011 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Бүгінде Президенттің Х парақшасында 391 786 оқырман бар. Ал Instagram парақшасына 2,6 миллион жазылушы тіркелген. Президент Х (Twitter) парақшасы арқылы еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерге немесе оқиғаларға қатысты жедел үн қатады. Уақыт үнемдеу тұрғысынан мұндай жұмыс стилі тиімді. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты биыл 56 твит жариялады. Ал инстаграмда 63 жазба жарық көрді.– «Президент бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбатты сирек береді» деген пікір бар. Әріптестеріміз тарапынан осыған қатысты сын да айтылып жатады. Мемлекет басшысының кеңесшісі әрі Баспасөз хатшысы ретінде бұған қалай жауап берер едіңіз? – Шынымды айтайын, мұндай пікірмен келісе алмаймын. Президенттің жұмыс кестесінің қаншалықты тығыз екенін осы әңгімеміздің барысында келтірген деректер мен ақпараттардан анық аңғаруға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы шет мемлекеттердің басшыларымен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша 8 брифинг өткізді. Оған қоса жыл басынан бері шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарына 4 рет, соның ішінде соңғы екі айда «Известия» басылымына және Еuronews телеарнасына сұхбат берді. Мемлекет басшысының 3 мақаласы жарық көрді. Орайлы сәтті пайдалана отырып айта кетейін, Қазақстан Президенті келесі жылы қаңтар айының басында республикалық басылымдардың біріне еліміздің ішкі-сыртқы саясатын толық қамтитын көлемді сұхбат беруді жоспарлап отыр. – Президент Жаңа жылды қайда, қалай қарсы алады?– Мемлекет басшысы өзінің туған күнін де атап өтпейтінін білесіздер. Биыл мерейлі жасы болса да, Қытайда мемлекеттік сапармен жүрді. Ал, жаңа жылды Қасым-Жомарт Кемелұлы да бәріміз сиқты өзінің үйінде, дастарқан басында әулетімен бірге қарсы алады.