«Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері елдің шығысында болды. Республикалық және өңірлік штаб өкілдері Өскемендегі қоқыс сұрыптау зауытына ат басын бұрып, еңбек ұжымымен кездесті. Қызметкерлер экологияға қатысты толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.«Байтақ» жасылдар партиясы Шығыс Қазақстан облысына барып, зауыт жұмысшыларымен кездесті. Жүздесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Еңбек ұжымына үгіт-насихат материалдары таратылды. Жұмысшылар еркін диалог алаңында қоршаған орта мен экология мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Партия өкілдері ат басын бұрған бұл зауыт өткен жылы іске қосылған. Кәсіпорын сағатына 25 тоннаға дейін қалдық сұрыптайды. Орта Азия кеңістігіндегі бірегей кәсіпорында жұмыс толығымен автоматтандырылған. Кандидаттар алдағы уақытта қала тұрғындарымен де кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Өскеменде өндіріс ошағы көп. Сондықтан мұнда ауаның ластануы мен экологияға қатысты қордаланған мәселелер де аз емес.