Үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына бір апта уақыт қалды. «Байтақ» жасылдар партиясының өңірлердегі іс-шаралары да қыза түсті. Саяси ұйымның Қызылорда облыстық штабы бүгін ауыл шаруашылығы бағытындағы өндіріс ошақтарының бірінде болып, еңбек ұжымымен кездесті.Партиялықтар сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарымен таныстырып, түрлі салада қордаланған мәселелер бойынша ой-пікірлерімен бөлісті. 2016 жылы құрылған серіктестік күріш өңдеумен және сатумен айналысады. Кәсіпорында 160-тан астам адам еңбек етеді. Жүздесу барысында жұмысшылар жаңару мен жаңғырту бағытындағы саяси реформа төңірегінде пікір алмасты. Өндіріс аясында күріш қауызын ұнтақтау мен мал азығын дайындауға қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Облыстық штаб өкілдері аймақтағы барлық 7 ауданды түгел аралаған. 70-тен астам кездесу ұйымдастырды.