Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты. Арандатушылар сенімге селкеу салып тұрған тұста діндер бірігіп, бірлік пен бейбітшілікті насихаттауы маңызды. Кезекті жиынға әріптесім Бекболат Сатуов қатысты.Бекболат САТУОВ , АРНАЙЫ ТІЛШІ: Әлемдік діндер съезі хатшылығының 21 отырысын Мәулен Әшімбаев ашып берді. Жиынға 22 елден 28 делегация келді. Дін өкілдері жаһандық жағдайларды айтып, өз пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, дін төңірегінде туындаған мәселелерге бей-жай қарамауға шақырды. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері хатшылығының XXI отырысына жолдаған құттықтау хатында осылай деді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Съезде сөз алған дін көшбасшылары алдымен ынтымақтастық пен бірлік мәселесіне тоқталды. Себебі дін адамы болу – абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік. Халед АКАШЕ, ВАТИКАННЫҢ ИСЛАМ МӘСЕЛЕЛЕРІ БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ Съезд - діни көшбасшылар үшін ғана емес, саяси көшбасшылар үшін де, зиялы қауым өкілдері үшін де, БАҚ өкілдері үшін де бірегей алаң. Диалогтың кездесулер мен бауырластық ниетін ілгерілетудің қолайлы және достық пейілдегі кеңістігін ұсынып отыр Назир Мұхаммед ӘЛ-НАЗИ АЯД, ӘЛ-АЗХАР ИСЛАМТАНУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ: Біз діни лидерлер арасында бейбіт өмірді қалыптастыру туралы айтқан кезде діндердің барлығын бір арнаға жинау туралы сөз қозғамауымыз керек. Бұл мүмкін емес. Оның арты жақсылыққа әкелмейді. Сол себепті әр діннің өз ерекшелігін ескеруіміз керек, - деп айтты ол. Жиында құранды өртеуге байланысты да сөз болды. Иран өкілі мұның соңы үлкен қақтығысқа алып келуі мүмкін деді. Себебі, қасиетті Құран кітабын қорлаудың әртүрлі саяси мотив бар деді, ол. Сондықтанда мұндай мәселелерде дін өкілдерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы маңызды деді. Жиында қазіргі жаһандық сын-қатерлердің алдын алу бойынша да салмақты пікірлер айтылды. Маңызды мәселелер съездің 10 жылдық тұжырымдамасына енгізілді. Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Тұжырымдамада форумның алдағы жылдардағы даму бағдары қамтылған. Съезд миссиясын кеңейту құжат жобасының негізгі жаңалығы екенін атап өткен жөн. Қоғамның сеніміне ие, беделді дін қайраткерлері әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады. Кедейшілік, климаттың өзгеруі мәселелерін шешуде күш жұмылдыру, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету, диалог және өзара құрмет мәдениетін дәріптеу бағыттарына да серпін беретіні анық. Осылайша 4 сағатқа созылған талқылаудан соң съездің тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат дінаралық берік ынтымақтастықтың кепілі болмақ. Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, БАС МҮФТИ: Елдің ішіндегі бірлік. Дінаралық бірлік. Әлемдегі дінаралық бірлікке үлкен үлесін қосатын құжат бүгін қабылданды. Әрине бүгінгі хатшылыққа қатысып отырған осы дін көшбасшыларының ұсыныстары да ескеріліп жатыр. Алла қаласа бұлда қазақ елінің әлемдегі ынтымақ бірлікке дінаралық татулыққа қосатын үлкен құжаттың бірі болып табылады деген сенімдеміз. Кездесуге қатысушылар Съезд Хатшылығының келесі XXII отырысын 2024 жылдың күзінде Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады. Жиында Хатшылық отырысына қатысушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен және Съездің естелік медальдарымен марапатталды.