Түркістан облысында осыдан бес күн бұрын жоғалып кеткен 11 жастағы қыздың денесі Арыс-Түркістан каналынан табылды. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. "Бүгін сағат 10:10-да Арыс-Түркістан суару каналынанда оқиға орнынан 11 километр жерде Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жоғалып кеткен қыздың мәйітін судан тауып алып шығарды", - делінген хабарламада. Еске сала кетейік, 25 наурызда сағат 17:00 шамасында кәмелет жасына толмаған қыз үйінен ойнауға шығып кетіп, қайтып оралмаған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 139 адам мен 16 техника, оның ішінде Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің квадрокоптері мен жүзу қайығы, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылған.