Күні кеше Алматыдағы караоке-барда жаппай төбелеске қатысып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған белгілі актер Асқар Жұмабектің бұрын-соңды істі болғаны жайлы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Журналист Михаил Козачков Telegram-каналында Асқар Жұмабектің бұған дейін де төбелеске қатысы барын жазды. Актердің 6 жыл 6 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылып қана қоймай, соттың алдыңғы үкімі бойынша өтелмеген мерзіміне байланысты тағы 15 күн қосылған.“Сонымен қатар сот Асқар Жұмабектің бұған дейін караокеде болған жаппай төбелеске қатысып, істі болғанын ескерді. 2022 жылдың көктемінде Асқар Жұмабек Сейфуллин көшесіндегі “Мега Караокеде” демалып отырып, басқа қонақтармен жанжалдасып қалған. Біреуінің бетінен ұрып, сүйегін сындырған. Бұл қылмысы үшін сот актерді бір жылға бас бостандығынан шектеген еді. 28 желтоқсанда болған жаппай төбелес кезінде Асқар Жұмабек пробациялық бақылауда болғандықтан, үйде отыру керек болатын”, – делінген жазбада. Сондай-ақ даулы іске қатысты отандық заңгер Айгүл Орынбек те әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, актердің бұрын сотты болғанын айтты. “Байдың, атақты адамның баласы ғана кінәлі деген теріс түсінікті жою керек! Әділетті Қазақстан құрғымыз келсе, қылмыс жасаған адамға бай немесе кедей деп статус беріп ақтап, жақтауды доғару керек! Екі күннен бері актерге көмек беріңіз деп жекеме шықпаған адам қалмады. Айқайлап көмек сұрап шыққан адамның бәрі пәк емес! Ең бірінші – бұл актер жігіттің өзі алдын дәл осылай біреуді ұрып, шартты түрде сотты болған екен. Яғни бұл бұзақылық ісін екінші рет қайталағаны үшін ауыр жаза арқалап отыр. Олар – бай, мен – кедеймін деген актерлік шеберлік сотта өтпейді. Мына видеода актердің өзі бірінші қол жүгірткені көрініп тұр. Байдың баласын жатқызып алып бәрі жабылып тепкілеу – жігіттік емес! “Ойбай, байдың баласын сөзін сөйлеп жатырсың, ақшаға сатылып кеттің бе” деп жазатындар шығады қазір. Кедейлер қылмыс жасамайды деген заңды алып келіңдерші”, – деп жазды Айгүл Орынбек. Айта кетейік, 2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдағы Little Brazil караоке-барына жаппай төбелес болған. Отандық актер Асқар Жұмабек те жаға жыртысқандардың қатарынан табылып, басы дауға қалды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің кінәсіз екенін айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады. Төбелеске қатысқан куәгердің айтуынша, жанжал олигарх Бахаридин Әбләзімов пен Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлдары барға мас болып келіп, музыкаға бола жанжал шығарған кезде басталған. Дінмұхамет Ыдырысов Forbes тізімінде бар. Оның байлығы 490 миллион долларға бағаланады. Бахаридин Әбләзімов еліміздегі жалғыз аммиак пен аммиак селитрасын өндіруші "ҚазАзот" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы. Аталған бай-бағландардың ықпалы сот талқылауының нәтижесіне және айыпталушылардың жазасына әсер етуі мүмкін деген ақпарат та жоқ емес. Төбелеске қатысқан айыпкерлерге ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігі "Атыс және газды қаруды қолдана отырып жасалған ұсақ бұзақылық", ҚК-тің 106-бабының 2-бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру", ҚК-тің 107-бабының 2-бөлігі "Екі немесе одан да көп адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағады деген айып тағылып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын. Актер Асқар Жұмабектің ағасы да жағдайдың қалай болғанын айтып, інісіне араша түсіп, эксклюзивті сұхбат берді. Асқар Жұмабек – “Рауза”, “Қарлығаш ұя салғанда”, “Алғашқы махаббат”, Ақ жауын” сынды отандық сериалдар арқылы өз көрерменін тапқан қазақстандық актер.