Бейжіңде нөсер жауын, яғни табиғат апатынан 33 адам қаза тапты. Тағы бес адам құтқару операциясы кезінде қайтыс болды.Бейжіңнің вице-мэрі Ся Линьмао баспасөз конференциясында мәлім еткендей, 18 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, оның ішінде құтқарушы да бар. Адамдардың мерт болуына көбіне су тасқыны мен үйлердің құлауы себеп болған. Еске салсақ, 29 шілдеден 2 тамызға дейінгі аралықта Қытай астанасына «Доксури» тайфуны төніп, нөсер жауын жауған болатын. Айта кетсек, 25 шілдеде Оңтүстік Қытайдың Гуандун провинциясының су тасқыны мен құрғақшылықпен күрес штабы «Доксури» тайфуны жақындап қалғанына байланысты қауіпсіздік шараларын күшейткен еді. 27 шілде сағат 6:00-дегі жағдай бойынша, тайфунның Тайвань аралының оңтүстік шетінен 220 шақырымдай жерде болып, солтүстік-батысқа қарай 10-15 км/сағ жылдамдықпен жылжып келе жатқаны хабарланды. Қытайдың Фуцзянь провинциясының 700 мыңнан астам тұрғыны «Доксури» тайфунынан зардап шекті. Кейін зардап шеккендер саны 880 мыңнан асты. Ал, 1 тамыздағы жағдай бойынша Бейжіңде «Доксури» супер тайфуны әкелген нөсер жаңбыр мен су тасқынынан 11 адам қаза тауып, 27 адам із-түзсіз жоғалған. ҚХР қаржы және төтенше жағдайларды басқару министрліктері бірлесіп, Бейжің-Тяньцзинь-Хэбэй аймағындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға және табиғи апат салдарын жоюға 110 млн юань (шамамен 15,43 млн АҚШ доллары) бөлді. Сондай-ақ, ҚХР-дың су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы мемлекеттік штабы «Ханун» тайфунының жақындауына байланысты 4-деңгейдегі жедел әрекет ету режимін іске қосты. Қытайдың солтүстігіндегі Хэбэй провинциясында кейінгі бірнеше күнде толассыз жауған жаңбыр салдарынан 1,2 миллионнан астам адам эвакуацияланды.