Бейнеуде босанған құлсарылық қос ананы Бейнеу аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері перзентханадан шығарып алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бұл туралы ҚР Журналистер одағының мүшесі Айнахан Есетова фейсбук парақшасына жазған. Айтуынша, бейнеуліктер Құлсарыдан келіп босанған аналарға арнап, алдын ала керек-жарақ қоржындарын, екі-үш ауыстырып киетін киімдерін, сәбилердің иткөйлек, жаялық-жөргек, көрпесін қамдап, перзентханадан шыққан кезде баратын үйіне дейін дайындап, қалжа беру жұмыстарына дейін ұйымдастырған. Құлсарыдағы эвакуация кезінде Бейнеу перзентханасына 19 ана орналастырылған. Оның ішінде 11 ана аман-есен босанып дүниеге 12 сәби келген. Арасында егіз бар. Әзірге нәрестенің алтауы - ұл, алтауы - қыз. Перзентханада аналарды босандырған акушер-дәрігерлер қатарында Кәмшат Тайшанова мен Әсия Амангелдиева бар. Ертең де бірнеше ана сәбиімен перзентханадан шығады.