Астанаға көктем кешігіп келуші еді. Биыл ұзақ күттірмеді. Ауа райы жылынып, күн күлімдеп тұр. Демек, қолға шүберек алып, терезелерді жуу кезеңі басталды. Алайда зәулім ғимараттардың әйнектерін шаң-тозаңнан тазарту көптің жүрегі дауаламайды. Осы сәтте өндірістік альпинистердің көмегіне жүгінеміз. Бұл мамандықты халық елей бермегенімен, жоғарғы биікте жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсібі қауіпті. Әріптесім Мөлдір Жақанда қауіпсіздік белдіктерін тағып, биік ғимараттың терезесін жуды. Өндірістік альпинизм – қауіп-қатерге толы кәсіп. Мұнда қателікке жол жоқ. Бұл салада қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау маңызды. Мамандардың үстіне киетін құрал-сайманының салмағы 25 келіге дейін барады. Ал жоғарғы дәрежелі қорғанысы бар жабдықтардың құны шамамен бір миллион теңгеден асып жығылады. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Мен қазір бір сәтке өндірістік альпинисттің рөліне енемін. Шыны керек, мына құрал-жабдықтарды көтеріп жүрудің өзіне әжептәуір күш керек екен. Сақадай сайланып алдық. Енді мына тұрған ғимараттың ең жоғарғы қабатына көтерілеміз. Әп-сәтте әсем қала, алып шаһар алақандағыдай көрініп шыға келді. Ал аспанмен таласқан зәулім үйлер көздің жауын алады. Иә, өндірістік альпинистердің неліктен биіктікке жаны құмар екенін енді түсінгендеймін. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Міне, 16-қабаттық тұрғын үйдің шатырындамыз. Мына көріністен басың айналады екен. Бірақ сұлулықтан ба, әлде қорқыныштан ба - ол жағын нақты ажырата ала алмай тұрмын. Өзіндік қиындықтарға қарамастан бұл мамандықты таңдаушылардың қатары көп. Өйткені, мұндағы табыс жоғары. Бір айда орта есеппен 1-2 миллион теңгеге дейін қаражат табуға мүмкіндік бар. Медет Ахметбаев – 33 жаста. Бұл салада жүргеніне азды-көпті 10 жыл болыпты. Медет АХМЕТБАЕВ, КӘСІБИ ӨНДІРІСТІК АЛЬПИНИСТ: Енді экстренный случайлар болады, арасында шығып қалуымыз мүмкін. Жалпы жұмыс өзі ұнағаннан кейін қиын деп санамаймыз. Биіктіктен қорықса, бұл салаға келмей-ақ қойған абзал. Өндірістік альпинистерді «Өрмекші адам» деп бекер айтпаса керек. Алып ғимараттардың қабырғасымен сырғып жүріп, әйнектерді жуа жөнеледі. Алайда қомақты ақшаға қызығып, өмірімен қош айтысып жататындар да бар. Елімізде өндірістік альпинистердің жұмысын қадағалайтын органдар жоқ. Бұл мамандық иелерін даярлайтын орталықтар да кемде-кем. Танат АХМЕТБАЕВ, ӨНДІРІСТІК АЛЬПИНИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ: Стамбул қаласына барып, халықаралық деңгейде аттестат тапсырып келдік, оқып келдік. Біздің мамандыққа келген балалардың көбісі бұрындары стройкада істеген адамдар. Оларды сразу арқанға шығармаймыз. Бірінші жердегі жұмыстарға әбден шыныққаннан кейін, үйрете бастаймыз. Менің өз басым ең жоғарғы мінгенім Абу Дабиге міндім. Сол жерде «Қазақстан» деген жазуды жабыстырғанбыз. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің жұмысы терезе жуумен ғана шектелмейді. Терезе ауыстыру, кондиционер орнату және басқа да қасбеттік жұмыстарды атқарады. Нұрмағамбет ЖАМБАЛИН, ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Ол өте күрделі, жоғары биіктікте жұмыс істейтін мамандықтар ғой. Өзіміздің оқу орталығында дайындайтын теориясы бар, видеоматериалдар және тәжірибелік жұмыс жүргізетін адам бар. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Құрметті көрермен, ең маңызды сәтке келіп жеттік. Қазір терезе жуу үшін 16-шы қабаттан төмен қарай түсемін. Мен негізі биіктен өте қатты қорқамын. Бірақ бүгін бұл қорқынышымды жеңген сияқтымын. Шынымен де бұл жұмыс нағыз ержүрек адамдарға арналғанына көзім жетті. Мен бүгін бұл мамандыққа азғантай сәтке ғана үңілдім. Соның өзінде жүрек қағысым жиілеп, аяқ-қолым қалтырағанын жасырмаймын. Ал нағыз мамандар қаламыздың тазалығын сақтап, көркін келтіру үшін күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келеді.