Желіде Билл Гейтс COVID-19 қарсы вакцинацияның қаупін мойындады деген ақпарат таралып жатыр. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Гейтс вакциналар аурудың өзінен әлдеқайда қауіпті деп мәлімдеген. Бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz. Билл Гейтстің мәлімдемесі ресейлік mk.ru жаңалықтар порталынан алынған. Бұл мақалада тілші ProNews грек сайтына сілтеме жасайды. Онда да Гейтс вакцинацияның қателік болғанын мойындаған деп жазылған, тіпті оның сөйлеген сөзінің видеосы да ұсынылған.Алайда видеода Гейтс "вакцина" сөзін қолданбайды және олардың қаупі туралы айтпайды.Бұл видео - Гейтстің Нью-Йоркте өткен "Келесі пандемияны қалай болдырмауға болады" атты кітабының тұсаукесерінде сөйлеген сөзінен алынған үзінді. Толық видеоны Желіден көруге болады.Билл Гейтс өз сөзінде пандемияға ұласпай тұрғанда адамдардың COVID-19-ға көзқарасы қандай болғаны жайлы айтады."Ол кезде өлім-жітім осындай болады деп ойламадық, бұл аурумен негізінен егде жастағы адамдар ғана ауырады және ол басқаша болса да, тұмау сияқты деп ойладық. Бұл өте қорқынышты кезең болды, күллі әлем, соның ішінде Америка Құрама Штаттары дайын болмады", - дейді Билл Гейтс видеода.Ол вакциналардың қаупі немесе олардың зияны ауруға қарағанда әлдеқайда артық деп айтпайды. Демек бұл - жалған хабарлама.