Алдағы 10 жылда Астана халқы 2 миллионнан асады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек айтты. Тұрғындар санының өсуіне байланысты 2035 жылға дейін шаһарда 178 балабақша мен 164 мектеп және 93 денсаулық сақтау мекемесін салу көзделген. Мигранты көп миллионер қаланың экономикасы қарқынды дамып келеді. Биыл өнім көлемі 4 трлн теңгеге жетіп, инвестиция 5 процентке артты. Қалада құрылыс жұмысы қарқынды. Өткен жылмен салыстырғанда 5 процентке жоғары. Биыл 3,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 5200-і жеңілдетілген мемлекеттік бағдарлама бойынша. Апатты үйлердің де мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. 5 жылдың ішінде 206 апатты үйден 4 710 тұрғын көшіріледі, - деді қала әкімі. Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ: Жыл басында жұртшылық наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан астам объект болды. Қаланың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары атқарылды. Биыл елордада 7 мектеп пайдалануға берілді. Тағы 5 мекеменің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа жылда 25 білім ошағын салу жоспарланған. Оның 3-і – жекеменшік, 7-і – мемлекетке тиесілі. Ал «Жайлы мектеп» жобасы аясында 15 нысан жұмысын бастайды. Нәтижесінде 4 жылдың ішінде екі ауысымда оқитын 200 мың оқушыға арналған 80-нен аса мектеп ашылады. Бұдан бөлек, 12 денсаулық сақтау нысаны науқастарды қабылдайды. Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ: Инвесторлардың қаражаты есебінен 16 жеке меншік балабақша салынуда, сондай-ақ, 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Бірінші кезең аясында 2025 жылы жергілікті бюджет және мемлекеттік-жеке әріптестік қаражаты есебінен 10 балабақша салу жоспарлануда. Биыл 24 мың адам жұмыспен қамтылды. Қазір қалада JOLTAP жобасы іске қосылған. Сол арқылы тұрғындар қажетті кеңес алып, бос жұмыс орындарын таба алады. Соңғы үш жылдың ішінде 30 мың азамат сұранысқа ие мамандық бойынша қызметке кіріскен. Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ: Президенттің тапсырмасы бойынша қаланы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспары жасалды. Қала аумағы өзгеріссіз қалады. Халық саны артуда. Дәлірек, жыл сайын 60 мың адамға өседі. Сәйкесінше су тапшылығы туындауы мүмкін. Осы мәселені шешу жолын жан-жақты зерттеп жатырмыз. Олардың бәрін жұмыспен, тұрғын үймен қамту – маңызды міндет. Осы жылы 72 көше жөндеуден өтті. 6 жаңа бағыт бойынша 400 қоғамдық көлік іске қосылды. Осылайша қала автобустарының 30 проценті жаңарды. Келер жылы тағы 200 көлік сатып алынуы мүмкін.