Биыл Астанада жылуға қатысты мәселе болмайды. Мәжіліс депутаттары осылай дейді. Бүгін олар "Оңтүстік-Шығыс" газбен жылыту станциясына барып, құрылыс барысымен танысты. Орталықта жұмыс қызу жүріп жатыр. Тиісті шаруаның 40 проценті орындалған. Мамандардың айтуынша, орталық жылу беру маусымына дейін аяқталады. Бұл - "Оңтүстік-Шығыс" газбен жылыту орталығы. Қуаты - 350 Гкал. 4 миллион текшеметр тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Қазір мұнда қазандықтар мен инженерлік желілер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жауаптылардың айтуынша, қазандықтар газды үнемдеу технологиясы бойынша жұмыс істейді. Құрылғылар - қауіпсіз.Әділхан ӘБІЛДИН, "ҚАЗСТРОЙПОДРЯД" ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:Биылғы жылу мерзіміне, жылдың соңына дейін жылу жүйесін қосып беру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бірінші кезеңде 190Гкал жылу жүйесі беріледі. Қазан айынан бастып + құрылыс, монтаж жұмыстары біткеннен бастап, осы кезекпен Гкал күшін, жылуын қалаға жылу жүйесіне қосып отырамыз. Мамандар биыл жылумен қатар ыстық судың да мәселесі шешіледі дейді. Себебі, "Оңтүстік-Шығыс" орталығы жылу электр станциясынан келген суды газдың қызуымен 100-120 градусқа дейін ысытып, тұрғын үйлерге жібереді. Алдағы уақытта дәл осындай тағы екі қазандық іске қосылады. Павел КАЗАНЦЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:"Оңтүстік-шығыс" жылыту орталығы бірінші қосылып, сол жағалауда жылу мәселесін толықтай жояды. Осылайша биылғы қыста проблема мүлдем болмайды. Ал "Тельман" мен "Тұран" орталықтары қосылса, бізде алдағы жылдары салынатын тұрғын үйлерді де жылумен толықтай қамтамасыз етеміз. "Энергетикалық проблема мегаполисте халықтың қарқынды өсуіне байланысты туындады", дейді депутаттар. Үшінші Жылу электр орталығының ұзаққа созылған құрылысы да жағдайды ушықтырған. Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:Соңғы жылдары мына қалада болып жатқан жылудың тапшылығы жойылатын болып тұр. Тіпті профицитте болайын деп тұр. 2-3 жыл бойы жылу қуаты қалаға толығымен жеткілікті болайын деп тұр. Мәжілісмендер еліміздің барлық өңіріндегі энергетикалық нысандарға баруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ауыз су мәселесін шешуді де қатаң бақылауға алған.