Биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы жаңа форматта аталып өтеді. Наурызнаманың онкүндігі жарияланды.Әр күннің өз атауы бар. 14 наурызда – Көрісу күні - Амал мерекесі тойланады. 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. 18 наурыз – Ұлттық киім күні.19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау. Ал, 22 наурыз – Жыл басы. Еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады. 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді. Сәбит БАРЛЫБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІНІҢ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жіберілді. Тарихи тұрғыдан алғанда жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасқан оны «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде көрсетіліп, жазылған. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан Наурыз мерекесін тойлауға арналған жалпы республикалық жоспар әзірленген. Құжатта барлық форматтағы іс-шаралар қамтылып, 10 мыңнан астам іс-шара өткізіледі деп жоспарланған. Ал басты мереке 21 наурыз Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің аумағында өтеді. Аталған мереке аясында киіз үйлер құрылып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.