1 маусымда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге өтініш қабылдау басталады. Тіркелу ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 2023 жылғы 15 шілдеге дейін өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Тест тапсырушылар өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 15 шілдеге дейін білім бағдарламасы тобына, тест тапсыру тілі мен орнына (қаласына) өзгеріс енгізе алады. Тестілеу орны мен уақыты туралы ақпарат 18 шілдеде түсушінің жеке кабинетінде жарияланады. Кешенді тестілеудің өзі 20 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. «Кешенді тестілеу электронды форматта өткізіліп, үш блоктан тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім бағдарламасы тобының бейіні бойынша тест. Бұған, жалпы алғанда, 3 сағат 55 минут беріледі. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі бар оқуға түсушілер шет тілі бойынша тест тапсырудан босатылады», – дейді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев. Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, ал бейінді магистратураға - 50 балл. Кешенді тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда оқуға түсушілер тестілеу аяқталғаннан кейін бірден апелляцияға өтініш бере алады. Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылына магистратураға түсуге 13 мыңнан астам грант бөлінді.