Тек үш тұрғында кене риккетсиоз диагнозы расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.Облыс аумағында кенелерге мониторинг жүргізетін «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалы зоологиялық тобының деректеріне сәйкес, алғашқы кенелер ағымдағы жылдың 12 сәуірінде пайда болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті. – Кенелер туляремия, кене энцефалиті, кене риккетсиозы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты ауруларды жұқтыруы мүмкін. Алайда, өңірде кездесетін кенелер өмірге қауіп төндірмейді, олар кене риккетсиозын тудырады, – деді Батырбек Әлиев. Кене риккетсиозы кене энцефалитінен айырмашылығы – ауру жеңіл түрде өтеді. Адамның дене қызуы көтеріліп, кене шаққан жер қызарады, бөртпе пайда болады. Кене шаққан адам травматология бөлімшесіне жүгінуі қажет. Егер науқастың жағдайы қиын болса, ол жұқпалы аурулар ауруханасына 14 күнге жатқызылады. – 2023 жылғы эпидемиологиялық маусымда облыста кене риккетсиозының тоғыз жағдайы тіркелді. Жалпы жүзден аса адам травматологиялық бөлімшеге барып, қаралды. Биыл кене шағуына байланысты медициналық көмекке 70 адам жүгінді, оның ішінде үш жағдайда кене риккетсиозы диагнозы қойылды. Науқастар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алды, – деді спикер. Облыста кенелер көбінесе Павлодар, Ақсу қалаларында, Аққулы, Май, Шарбақты аудандарының жайылмаларында кездеседі. Дәрігерлер кенені өз бетінше алып тастауға болмайтынын ескереді. – Әрине, қолмен алуға, әсіресе басып тастауға болмайды. Адам кәсіби медициналық маман емес, сондықтан кенені қалай дұрыс алу керектігін білмейді. Мүкіндігінше травматологқа жүгініп, кенені лабораторлық тексеріске жіберу қажет, – деді Батырбек Әлиев. 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының зоологиялық тобы аса қауіпті инфекциялар зертханасында 15 219 кене зерттелді. Ал, биыл зертханаға 9 598 кене жеткізілді, оң нәтижелер анықталған жоқ.