Батыс Қазақстан облысында 20 тонна киім тиелген жүк көлігінің тіркемесі жанып кетті.БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 28 тамыз күні Теректі ауданы аумағында болды. «Сағат 17.03-те 101 телефонына Самара-Шымкент тас жолының 311-шақырымында жартылай тіркеменің жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде DAF маркалы жүк көлігінің жартылай тіркемесі және 3 га аумақта құрғақ шөптің отқа оранғаны анықталды. 25 жастағы қырғызстандық жүргізуші Қырғыстаннан Мәскеуге бара жатқан. Тіркемеде 20 тонна киім-кешек болған. Тілсіз жау өрт сөндірушілердің күшімен (14 адам, 3 техника) сағат 20.45-те оқшауланып, 21.52-де ауыздықталды. Қазір оқиғаның себеп-салдары, келтірілген шығын анықталу үстінде. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады ведомстводан. БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, өңірде жыл басынан бері 88 автокөлік өртеніп кетті. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 200 тоннаға жуық пішеннің отқа оранғанын жазған едік.