Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 1 726 адамды ит қапты.БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 1 187-сі Орал қаласының үлесіне тиеді. Оның сөзіне қарағанда, 2021 жылы 1 597, өткен жылы 2 214 адам иттен зардап шеккен. "Қазіргі уақытта өзекті мәселелердің біріне айналған қаңғыбас иттер, әсіресе, облыс орталығында көбейіп кеткен. Бұралқы иттер көбінесе мектеп, балабақша, емханалардың қасында және қоқыс жәшіктерінің маңында топтасып қауіп төндіреді. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан шұғыл жою қажеттігі жөнінде көптеген арыз-шағымдар түсіп, хабарламалар, бейнетүсірілімдер мен фотосуреттер әлеуметтік желілер арқылы тарауда және 109- I Komek қызметіне күніне 3-4 өтініш түсіп отырады", - дейді Серік Базарұлы. Басқарма басшысының айтуынша, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтарды жансыздандыруға қазіргі таңда тыйым салынып, олардың саны биостерилизациялау арқылы реттеледі. Жануарлар адамның өміріне немесе денсаулығына, жануарларға қауіп төндірген кезде ғана жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде ауланып, жансыздандыруға жол беріледі. Осы Заң аясында 2022 жылдың 12 қазанында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының №14-5 шешімімен «Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидалары», №14-6 шешімімен «Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары» бекітілді. Облыс аумағында қаңғыбас жануарларды аулау қызметін жергілікті жердегі ветеринариялық станциялар атқарса, биостерилизациялау жұмыстарын Бәйтерек, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандары бойынша сол жердегі ветеринариялық станциялар, Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе, Теректі аудандары бойынша биостерилизация қызметін атқаруды Тасқала аудандық ветеринариялық станция мекемесі жүзеге асырады. Ол үшін арнайы жабдықталған автокөлікпен мобильдік топ құрылып, жазғы мезгілде аудандарға кесте бойынша шығып, жоспарлы жұмыстарын атқарды. Ал Орал қаласы аумағында биостерилизация жұмыстары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы негізінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті 2021 жылдың екінші жартыжылдығынан бері жүргізіп келеді. С.Нұрмағанбетовтің мәліметінше, биылғы жылға қаңғыбас иттерді аулау және биостерилизациялау жұмыстарына облыстық бюджеттен 66,8 млн теңге қаражат бөлінген. Жыл басынан бері облыс бойынша 5 930 қаңғыбас ит ауланып, оның 3 790-ы биостерилизациядан өткізіліп, кері жіберілсе, қалған 2 140-ы тұрғындардың өтініштері негізінде жансыздандырылды. Жыл басынан бері биозарарсыздандырудан өткен 119 ит пен мысықты жануарларды қорғау ұйымдары мен жаңа иелері өз иеліктеріне алып отыр. Күні бүгін облыс бойынша ветеринариялық станцияларға тиесілі 10 (сыйымдылығы – 170 ит пен мысық), Жәңгір хан атындағы БҚАТУ қарамағында үй жануарларын уақытша ұстауға арналған 1 орын (75 ит пен мысыққа арналған), жануарларды қорғау ұйымдарының 6 панажайы бар. Бәйтерек ауданы, Дариян ауылында жануарларды биостерилизация жасауға арналған кабинетті жабдықтау және үй жануарларын уақытша ұстауға арналған орынның құрылысы жүргізілуде. Биылғы 1 қыркүйектен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 11-бабына сәйкес үй жануарларын міндетті есепке алу басталды. Есепке қою және стерилизациялау шаралары мемлекеттік ветеринариялық ұйымында немесе ветеринариялық емханада жануар иесінің төлемі есебінен жүргізіледі. Үй жануарларын есепке қою үшін ветеринариялық станцияларда 1000 теңге, ал жеке ветеринариялық клиникаларда 1500-2500 теңге алады. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу ветеринариялық станцияларда тегін жүргізіледі. Қазіргі таңда иттер мен мысықтарды тіркеуге арналған бірыңғай дерекқорда облыс бойынша 20 725 чиптелген ит пен мысық тіркелсе, оның ішінде иесі бары – 5 898. «Жыл басынан бері облыс аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін жергілікті полиция департаментімен 285 адамға хаттама толтырылып, 5,4 млн теңгеге айыппұл салынған. Негізі, бұралқы ит пен мысықтардың санының көбеюіне тұрғындардың жаз мезгілінде иттерді саяжайларында бағып-асырап, күн салқындай келе қараусыз тастап кетуі әсер етіп отыр. Сонымен қатар асыранды ит-мысықтардың иелері жануарларын уақтылы биостерилизациядан өткізбей (кастрация, стерилизация), кейіннен күшіктеген кезінде күшіктері мен марғауларын далалық жерлерге апарып тастап кетеді. Содан аш қалған бұралқы иттер топ-тобымен жүріп сол маңдағы тұрғындардың асырап отырған құс-жануарларына тиісіп, тіпті адамдардың өздеріне шабуда. Қазіргі таңда құзырлы органдарға ата-аналар мектеп жасындағы балалары үшін қорқатындығын айтып, айналаны бұралқы иттерден тазарту туралы шағымдар түсіруде. Сондықтан тұрғындар ит пен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларының талаптарын толықтай орындап, оларға жауапкершілікпен қараулары тиіс», - деді С.Нұрмағанбетов.