Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен мәлім етті.Департамент мәліметінше, қазіргі таңда Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командиріне қатысты қылмыстық іс тергелуде. «Полиция қызметкері Ресейден келген астық тиелген жүк көліктерінің Орал қаласы аумағында артық салмақпен кедергісіз жүріп-тұрғаны және жалпы қамқорлық көрсеткені үшін Т. деген азаматтан 110 мың теңге көлемінде пара алды делініп отыр. Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес таратуға жатпайды», - делінген хабарламада.