Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Жаңаөмір ауылының тұрғындары жаңа өмірге қадам баса алмай отыр. Жергілікті басшылардың шалағайлығынан зардап шеккен олар үш жылдан бері үйін сала алмай әлекке түсуде. Өйткені инфрақұрылымға бөлінген қаржыны жымқырған шенеуніктерден қалыспаған ұрылар су жаңа трансформаторды тонап кеткен.Жаңа мекеннен жер алғанына қуанған Қуантай қазір үйін қалай саларын білмей дағдарып жүр. Өйткені су жүргізген мердігер ауылды айналдыра қазып, жерінің шекарасын белгілеген қазықты түгел көміп кеткен. Бұл аздай су құбыры жүргізілген шұңқыр былтырдан бері көмілмепті. Осылайша 500-ден астам адам үш жылдан бері үй сала алмай жүр. Қуантай ТӨЛЕГЕНОВ, ЖАҢАӨМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Фундамент те құя алмай отырмыз қазір. Жыл сайын қымбаттап жатыр материал деген. Үйі жоқ халық материалдың қымбаттағанына қарап жатқан жоқ. үйлерін салды, бірақ свет жоқ, көше алмай жатыр. Ал Болат дайын тұрған үйіне кіре алмай отыр. Өйткені ұрылар ауылға орнатылған трансформатордың қаңқасын ғана қалдырыпты. Болат ИБРАШЕВ, ЖАҢАӨМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Совет үкіметі кезінде малшыларымыз болады ғой. Жазда летовка, қыста зимовкаға көшетін. Сол сияқты біздер де мұнда жазда тек тұруға келеміз. Үш-төрт ай. Салқын түскеннен кейін есігін Аллаға аманаттап жауып, есігін кілттейміз. 2019 жылы Жаңаөмір ауылының іргесінен 800-дей жер телімі берілді. Осыдан кейін жер иелері құрылысқа кірісуі керек еді. Бірақ жаңа мекенді игеруге бөлінген қаржыны жымқырған бір шенеунік сотталып кетті. Енді жарық пен суы, газы мен жолы жоқ мекеннің тұрғындары жаңа өмірді қалай бастарын білмей отыр. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Мұндағы үйлердің көбісінің құрылысы аяқсыз қалған. Тұрғындар жер дауымен жүргенде ағашы мен қамысы іріп-шіріп, тіпті цементтен құйған іргетасы үгітіліп жатыр.Тұрғындарды қинаған мәселеге «AMANAT» партиясы араласты. Гауһар ШАЙХЫНИЯЗОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «AMANAT» ПАРТИЯСЫның қоғамдық қабылдауына келген өтініштер елеусіз қалмайды. Осы Жаңаөмір ауылының бір топ тұрғындары қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген болатын. Сол өтініштердің негізінде біздер бүгін аяқтай осы жерде азаматтарды қабылдап, олардың өтініштерін тыңдадық. Мәселені түбіне дейін шешілуі үшін бар күш-жігерімізді салатын боламыз. Енді халық мәселені шешу үшін қол жинап, жауапты органдарға хат жолдайды. Осы хаттың күшімен 658 миллион теңге бөлінсе, жаңа қосалқы электр стансасы орнатылады. Жарық болса, тұрғындар құрылысқа кірісеміз деп құлшынып отыр.