Бүгінде Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жағдай күрделеніп отыр. Қазіргі уақытта 50-ден астам тұрғын үй су астында қалды. Министрдің айтуынша, мониторинг жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде, трассаларда күтілген 26 су тасқынының 13-і тоқтатылды.Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы белсенді іс-шаралар жалғасып жатыр. Өткен тәуліктің ішінде қауіпті учаскелерде 4 мың дана қапқа инертті материалдар салынып, 25 мың текше метрден аса су сорылған. Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Судың көлемі көбейді. Оған бірден-бір себеп тоңның қалыңдығына байланысты және мұздың қатып қалуына байланысты. Барлық қардың еріген суы көшелерге, ауылдарға, жалпы далаға, соның ішінде қалаға дейін келді. Төтенше жағдай министрінің мәліметінше, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен 240-тан астам адам эвакуацияланды. 700-ден астам төрт түлік қауіпсіз жерге шығарылды. Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Барлығы 51 үйді су басты. Оның қырық бесі Батыс Қазақстан облысында болса, алтауы Ақтөбе облысы аумағында. 240 адамның 20-дан астамы уақытша эвакуация пунктіне орналасты, қалғандары туыстарының үйіне кетті. Су тасқынына қарсы жұмыстарға Атырау мен Маңғыстау облыстарынан мыңнан астам құтқарушы барды. 400-ден астам техника және 200-ден астам су айдау құралдары пайдаланылуда. Су тасқынына қарсы іс-шаралар әлі де жалғасып жатыр.