Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірдің су шаруашылығы нысандарын аралап жүрСу ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстан облысына барып, тасқын суын қауіпсіз өткізу, өзендердің деңгейін реттеу және су қоймаларына еріген қар суын жинау бойынша жұмыстарды бақылап жүр. Осы сағатта Орал-Көшім суару жүйесінің 4 су қоймасы 67%–ға, Кіші Өзен бойындағы 4 су қоймасы 90%-ға, Үлкен Өзен бойындағы 3 су қоймасы 57%-ға толы. Жергілікті «Қазсушар» филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу барысын жіті бақылауда. Кәсіпорын қарамағындағы барлық су қоймалары 74% су жинады, бұл 374 млн текше метр. Өңірде су тасқыны ахуалы бірнеше фактордың әсерінен күрделене түсті. Біріншіден, БҚО өзендерінің бассейндеріндегі топырақтың күзгі ылғалдылығы орташа көпжылдық көрсеткіштен 71-133% жоғары болды. Екіншіден, топырақтың қатуы да былтырғы көрсеткіштерден жоғары болды, ал топырақ бетінде қалыңдығы 6,6 см–ге дейін мұз қабаты пайда болды. Қазіргі уақытта тасқын суын қауіпсіз өткізу бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтемін, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.