Енді білім беру ұйымдарына жоспардан тыс тексеру жүргізуге болады. Бұл балаларға қатысты қылмыстың алдын-алу мақсатында Заңға енгізілген. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылады. Олар мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы ғимаратта орналасады және зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға жеке кабинет ашылады. Балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығарғандар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Альбина ЗАЛМҰҚАНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ: Отбасы әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығының функциялары заңнамалық түрде бекітілді. Сонымен қатар бала құқықтары жөнінде өңірлік уәкіл институты енгізілді. Елде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету бағдарламасы әзірленетін болады. Бағдарлама құқықтық, медициналық, психологиялық көмек көрсету стандарттарынан тұрады.