Биыл еліміздегі үздік қорлардың һәм жобалардың бірі «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының құрылғанына 30 жыл толды. Соған орай “Тағылымға толы, олжалы 30 жыл” атауымен салтанатты шара өтті. Жиында ұлағатты ұстаздар ұлт болашағы үшін еткен ерен еңбектері үшін марапатталды. Білім мен тәрбие саласында дәстүрлі әрі халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, жаһандық дәуірдегі бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруды өмірлік мақсат еткен қордың істеген еңбегі ұшан-теңіз. Осы уақытқа дейін ел аумағында 32 «Білім-инновация» лицей-интернатын, 1 колледж, Spectrum халықаралық балабақшасын, 8 жекеменшік мектеп пен Университет салып үлгерген аталмыш ұйымның жеткен жетістігі жетерлік. Бүгінгі салтанатты шарада оқу-ағарту министрі Мемлекет басшысының құттықтау тілегін жеткізіп, ұлағатты ұстаздарды марапаттады. Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: Баршаңызды білім инновация лицейлерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл еліміз үшін айтулы оқиға. Сіздер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның орта білім саласын дамыту және саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне зор үлес қосып келесіздер. «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры 1993 жылы құрылған. Бүгінде академиялық шеберлік, заманауи ұстаздарды жетілдіру, құндылықтарға негізделген білім беру, білім беру ұйымдарын тиімді басқару секілді бағыттарды қамтиды. Дархан ӨТЕ, “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” ХҚҚ ПРЕЗИДЕНТІ: Осы 30 жыл ішінде лицейлеріміз оқудың, ізденістің, өсудің, дамудың үлгісіне, яғни сапалы білім мен саналы тәрбие берудің үлкен қауымдастығына айналды. Бүгінгі күні ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, заманауи білімді игеріп жүрген шәкірттеріміз үшін бұл мектептер білім мен сүйіспеншіліктің тоғысқан мекені болып отыр. Осы уақытқа дейін инновация түлектері пәндік олимпиада мен жоба жарыстарында халықаралық деңгейде түрлі медальдармен марапатталып жүр. 2012 жылы Тараз қаласындағы «Білім-инновация» лицейі халықаралық олимпиадаларда 8 медаль, Ақтөбе қаласындағы математика олимпиадасында 4 медаль жеңіп алып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Балаларды сапалы біліммен сусындатып, есті ғұмырларын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған тұлғалар бүгін сый-құрметке бөленді. Бақыт КӨБЕШОВА, ҰСТАЗ: Бітірген түлектеріміздің шетелдерде, алыс шетелдерде оқып, жақсы нәтижеге жеткендер, өзіміздің Қазақстанның ішінде де оқып, жақсы қызмет істеп жатқандарға біз дән ризамыз. Енді сапалы білім мен саналы тәрбиені дәлелдеп келе жатқан бірден бір заманауи мектептердің бірі деп білемін. Шараға ұлт зиялылары, оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ардагер ұстаздар мен ата - аналар қатысты. Үздік қызметкерлер мен мұғалімдерден бөлек, зейнетке шыққан ұлағатты ұстаздар мен білім ордасының негізін қалауға үлесін қосқан ел ағалары да алғыс хатпен марапатталып, төс белгі иегерлері атанды.