Елордада Боччадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған додаға 12 өңірден 90-ға жуық ерекше спортшы қатысуда. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік атанғандар ұлттық құрама сапына алынып, қараша айында Бахрейн астанасы Манамада өтетін боччадан әлем чемпионатында бақ сынайды. Соңғы жылдары спорттың бұл түріне қызығушылық артқан. Қатысушылар саны да едәуір көбейді. Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:Өткен жылдың ішінде бочча қарқынды дами бастады деп айтсақ артық болмайды. 10 облыста боччаның өңірлік федерациялары жұмыстарын бастады. Бүгінде осы өңірлік федерацияның басшылары біраз жұмыстарды ұйымдастыруда. Бүгін өздерінің спортшыларын алып келіп, чемпионатқа қатысуда. Жанерке 3 жылдан бері бочча спортымен шұғылданады. Қазірдің өзінде батыр қыз біраз байрақты бәсекеде топ жарып үлгерген. Анасы, әрі жаттықтырушысы Әлия Құлбаеваның сөзінше, бұл ойын жастарды жігерлендіреді. Шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Тіпті, денсаулығының оңалуына да септігін тигізеді. Әлия ҚҰЛБАЕВА, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:Басында біз бұл ойынға сенбедік. Бұл қол аяғы істемейтін бала. Аяқ, қолдары тетропарез. Қазіргі таңда бочча ойындары арқылы зейіні тұрақталды. Қолы жақсарды. Нақтылықты, түзу лақтыруды, көздеуді үйренді бала. Ол деген бізге үлкен жетістік. Және біз бұл ортаға келгелі дос таптық, орта таптық.