Әзербайжан астанасы Бакуде бокстан "Ұлы Жібек жолы" халықаралық турнирі жалғасып жатыр. Бүгін төрт қазақстандық боксшы финал жолдамасын сарапқа салады, деп хабарлайды Zakon.kz.Қазақстандық боксшылар Теміртас Жүсіпов пен Тимур Қабдеш (54 келі) Бакуде өтіп жатқан турнирдің финалына шықты. Олар жартылай финалда ресейлік қарсыластарын жеңді. Жартылай финалда ресейлік Адам Әлиевпен кездескен жерлесіміз Теміртас Жүсіпов төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Жекпе-жек басталғаннан өз мәнерінде бірінші нөмірде жұдырықтасқан Теміртас алдымен қарсыласын біраз аңдып бақты. Ал екінші раундта үстемдігін үстемелей түсіп, сериялық соққыларын қарсыласына жақсы өткізді. Үшінші раундта да Жүсіпов қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Бірақ бұл жолы ресейлік боксшы шабуылға шығуға мәжбүр болды. Өйткені есепте жеңіліп жатқан еді. Нәтижесінде қарсыласын әдемі күтіп алып, Адам Әлиевтің адуынын бірден басып тастап отырған Жүсіпов Баку бәсекесінің финалына жолдама алды. 54 келі салмақ дәрежесінің жартылай финалында ресейлік Максим Кузнецовпен жұдырықтасқан Тимур Қабдешов финалға жолдама алды. Алғашқы екі раундта ұпайын түгендеп алғар жерлесіміз үшінші раундта екінші нөмірде жұдырықтасып, мұнда да үстемдігін көрсетті.Бұған дейін Сағындық Тоғамбай 92 келі салмақта турнирдің финалына шыққан болатын.