Бокстан Қазақстан ерлер командасы Париждегі Олимпиада ойындарына бір жолдама жеңіп алды. Жазғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаевқа ғана лицензия бұйырды, - деп хабарлайды Massaget.kz.Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Әзиз Қожамбетов лицензиялық турнирлерге қатысты пікір білдірді."Боксшылардың алдында екі маңызды бәсеке тұр. Әлемдік лицензиялық турнирлер Италияның Милан және Тайландтың Бангкок қаласында өтеді. Біздің спортшылар бар күшін салатыны анық. Лицензия аламыз, бірақ оңай болмайды. Азия аймақтық лицензиялық турнирі өткізілмейді. Себебі, Азия ойындары осы жарыс есебінде жолдама таратқан болатын. Боксшыларымыз қазіргі таңда "Чемпиондар түні" турниріне қатысып, шеберліктерін шыңдайды. Маусымаралық үзіліс кезінде бұл өте қажет жарыс", - деді Қожамбетов.Айта кетейік, "Чемпиондар түні" турниріне қазақстандық әлем чемпиондары мен Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов қатысады.