Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевтың тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында оның мүлкін мемлекет кірісіне қайтару шараларын қабылдауда, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy.«Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті, оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма. Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық», - делінген агенттік хабарламасында. Сонымен қатар құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтеді. «Кәсіпорын жұмысшыларының саны 740 адамды құрайды. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттің пайдасына өтеді», - делінген хабарламада. Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен, оның ішінде шетелден алынған активтерді іздеу және қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.