Абай облысында жоғалған шопан аман табылды. 14 ақпан таңғы 07:00–де Абай ауданының полиция бөліміне хабар түскен. Онда шаруа қожалығында 54 жастағы шопанның із-түзсіз кеткені айтылады.Ер адам 532 бас қойды бағып кеткен.Дереу жедел штаб құрылып, аудандық полицияның, төтенше жағдайлар бөлімінің, сондай-ақ Абай ауданы әкімдігінің жеке құрамы жұмылдырылды. 30-дан астам қызметкер 4 УАЗ, ЗИЛ-131 және 2 Нива-МАРШ көлігімен боранды күнде далада бірге шопанды іздеді. «Аяз күшейе түсті, дрон ұшыру қиын болды. Төмен температураға байланысты ол істен шықты, іздеу аумағын жаяу айналып өтуге тура келді», — дейді жедел уәкіл Бектұрсын.Бұл жұмыс екі тәулік бойы жүргізілді. Іздеу тобы қыстаудан 30 шақырым жерде шопанды аман тапты.Ер адам далада қатты дауылдың салдарынан бағытын өзгерткен. Ол үсімеген.Сол күні қойшыны дәрігерлер тексерді, оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.Мал да шаруа қожалығына шығынсыз қайтарылды.