Қытайдан Еуропаға жасалатын транзиттік тасымалдың 85 проценті Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан еліміз қазір көлік-транзит саласының дамуына ерекше мән беріп отыр. Мәселен соңғы 15 жылда 35 миллиард доллардан астам қаражатты осы салаға бөлген. Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының 3-форумында логистиканың жаһандағы рөліне тоқталды. Жиында тағы қандай өзекті тақырыптар талқыланды? Аружан Задабек айтады. «Бір белдеу, бір жол» – 21 ғасырдың мегажобасы. Қытайдың бұл бастамасы мемлекет аралық ынтымақтастықтың ірі платформасына айналған. Аспан асты елі осы арқылы өздерінің экономикалық қуатын көрсетіп келеді. Оған ерекше басымдық берген Мемлекет басшысы форумды мінсіз ұйымдастырғаны үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Осыдан он жыл бұрын Сіз Қазақстанда алғаш рет «Бір белдеу, бір жол» ұзақмерзімді бастамасын ұсынып, оның басты қозғаушы күші болдыңыз. Мұның символдық мәні зор. Осы маңызды мерейтойды атап өте отырып, бүгінде Сіздің бастамаңыз өзінің қажеттілігін көрсетті және әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, жаһандық ауқымдағы үлкен жобаға айналды деп сенімді түрде айта аламыз. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі теміржол желісі мен күре жол арқылы байланыс жасайды. Бұл жоба аса күрделі сын-қатерлерге төтеп бере алатын жалпыға ортақ игілікке айналды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды. «Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Қазақстан - Еуразия кіндігінде орналасқан ел. Солтүстік пен Оңтүстікті, Шығыс пен Батысты байланыстырады. Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар. Осындай мүмкіндікке ие болғаннан кейін мемлекетіміз халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға бар күшін салады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жиында Президент алдағы жоспарлармен де бөлісті. Дәлірек, үш жылдың ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол салуды көздейтінін жеткізді. Бұдан бөлек Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашу, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты ұсынысын айтты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Транскаспий халықаралық көлік бағытына назар аударды. Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге болады. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін Ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумына 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Жиыннан кейін Мемлекет басшысы Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді. Президент аспан асты елінің әлеуметтік-экономикалық прогресіне жоғары баға берді. Кездесу барысында екі елде жүргізіліп жатқан жан-жақты реформалар талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді саяси диалогты жалғастыру маңызды екенін айтты. Ван Хунин қазақ-қытай қатынасына жоғары баға берді. Ван ХУНИН, ҚЫТАЙДЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ САЯСИ КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСІ БҮКІЛҚЫТАЙЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанның қарқынды дамып, тұрмыс деңгейі ұдайы жоғарылап келеді. Бұл – таңғаларлық нәтиже. Бүгін Сіз «Бір белдеу, бір жол» III форумының ашылу рәсімінде өте мазмұнды сөз сөйлеп, ынтымақтастыққа қатысты бірқатар маңызды ұсыныс айттыңыз. «Бір белдеу, бір жол» аясындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылында барлық тараптың ортақ күш-жігерінің арқасында біз зор жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақ-қытай қатынасы серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті. Бұған екі ел басшыларының тұрақты түрде кездесу өткізуі әсер еткен. Өйткені келіссөздер барысында қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастық одан әрі нығаяды.