Осы жылдың қаңтар-сәуірінде өнер, көңіл көтеру және демалыс саласына салынған негізгі инвестиция көлемі 36,2 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі finprom.kz порталына сілтеме жасап.Өңірлер арасында аталған салаға Шымкент қаласында салынған инвестиция көлемі мол – 8 млрд теңгеге жуық. Одан кейінгі орындарда Түркістан (5,7 млрд), Алматы (4 млрд) және Жетісу облыстары (3,1 млрд) тұр. Секторға негізінен жергілікті бджеттерден қаржы салынған. Оның көлемі 19,9 млрд теңгені құрайды. Ал кәсіпорындар құйған меншікті қаражат 12 млрд теңгеге жетеді. Бұл өткен жылдың 4 айындағы көрсеткіштен 32,1 пайызға аз. Республикалық бюджет есебінен берілетін инвестиция көлемі де 2,8 есеге, 3,6 млрд теңгеге дейін қысқарған. Биыл мамыр айының қорытындысында өнер, көңіл көтеру және демалыс саласындағы қызметтер бағасы бір айда 2,7 пайызға, ал жыл ішінде 16 пайызға қымбаттаған. Өңірлер арасында қымбатшылық Түркістан облысында қатты байқалды. Өңірдегі сала қызметтерінің бағасы бір жылда бірден 40 пайызға көтерілген. Одан кейінгі орындарда Жетісу (37,9), Батыс Қазақстан (37,6), Алматы (26,9), Ақмола облыстары (25,5) тұр. Жалпы секторда балалар аттракциондарының бағасы бір жылда 24,5 пайызға көтерілген.