"Қазгидромет" ел аумағында 17 маусымда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды. Жоғары қысымды өрістің әсерінен республикамыздың басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Қазақстанның батысы, солтүстік өңірлері циклон мен атмосфералық фронтальды бөлімдердің ықпалында болғандықтан, найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауып, еліміздің батысында бұршақ болуы ықтимал. Республика бойынша еліміздің басым бөлігінде желдің күшеюі сақталады. "Күндіз Ұлытау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе, Атырау облыстарында қатты ыстық сақталады. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу облыстарында, Алматы облысының солтүстігінде, орталығында, Павлодар облысының солтүстігінде, батысында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, шығысында, Атырау облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде, Ұлытау, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде, орталығында, Қостанай облысының оңтүстік жартысында төтенше өрт қаупі бар", - деп жазды синоптиктер.