Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты жалауын көтереді. Алғашқы тур 1 және 2 наурыз күндеріне белгіленген.Доп додасының шымылдығын бүгін, 1 наурызда 14.30-да елордалық «Астана» мен «Жеңіс» командалары ашады.Жеті дүркін ел чемпионы атанған «Астана» Премьер-лигаға жаңадан оралған «Жеңістің» осал тұсын таба ала ма? Оны бүгінгі ойын барысында анықтайтын боламыз.Дәл сол күні 17.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.Ал 2 наурызда «Қайрат» (Алматы) пен «Қызылжар» (Петропавл), «Елімай» (Семей) мен «Атырау», «Ордабасы» (Шымкент) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Тобыл» (Қостанай) мен «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасады.Ойындарды «Qazsport», «Qsport» және жаңа «Qfootball» телеарналары тікелей эфирде ұсынады.Айта кетсек, биыл ел біріншілігінде 14 команда бақ сынайды деген жоспар болды. Дегенмен қаржы мүмкіндігіне байланысты алдымен Түркістан облысының «Мақтарал» клубы одан бас тартты.Ал оның орнына ойнауға мүмкіндік алған Павлодар облысының «Ақсу» клубы да Премьер-лигада ойнай алмайтынын мәлімдеді.