Батыстықтар көрісуді Амал мерекесі дейді. Алты ай қыстан аман шығып, көктемге иек артқан шақта, күннің шуағы артып, дүниені жаңартып келетін мереке. Еліміздің батыс облыстарында сақталған ұлттық дәстүрге толы күнді атап өту дәстүрге айналған. Ағайын-туыс арқа-жарқа болып төс қағыстырып, көрісіп, қауышады. Көктеммен бірге көңілдерді көтерген айтулы мереке туралы тілшілеріміз айтады.Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Ғасырлар өтсе де мән-мағынасын жоймаған ұлттық мерекені атыраулықтар ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Өнерпаздар таңмен жұмысқа бара жатқан тұрғындар үшін қоғамдық көліктерде ән шырқады. Ұшақтан түскен жолаушыларды әуежайдан төс қағыстырып көрісіп күтіп алды. Бүгін Атырауда бірнеше жерде мерекелік шара өтіп жатыр. Автобус іші бір сәтте мерекеге айналды. Бірі халық әндеріне елітіп, билеп алса, көпшілігі естелікке видеоға түсіруде. Ал түске таяу атыраулықтар Махамбет атындағы қазақ драма театрына ағылды. Ашық аспан астында салт-дәстүрді паш ететін театрландырылған көрініс көпшілік көңілінен шықты. Алдымен сахнаға ұлыс күннің келгенін жар салған бақсылар шықса, кейін көрісуден көрініс қойды. Жарапазан шырқалып, құдалар көшін қарсы алды. Үлкендер бата берді. Жыл сайын бұл күнді асыға күткен халық мерекеге ұлттық киімін киіп, жасанып келген. Жанар ӘБІШ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бұл - жылдың басы. Елдің қуанатын мезгілі. Бар сақтағанын жинап, наурыз көже пісіріп, біріне-бірі жылы лебізін білдіріп, қуанатын, ерекше атап өтетін қазақтың дәстүрі. Ерсайын ЖАНБОЛАТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Наурыз келді – Амал келді дейді ғой қазақта. Болашақ ұрпақтарға үлгі-өнеге болатын нағыз мерекесі. Барлықтарыңызды осы мерекемен құттықтаймын. Денімізге саулық берсін. Еліміз тыныш болсын. Бүгін қаладағы барлық мәдение ошақтарда түрлі мәдени-спорттық шаралар өтіп жатыр. Орталық алаңда бір апта бойы концерт болады. Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Атырауда қар кетіп, көктем лебі сезілгенімен, суық ызғар әлі де бар. Бірақ көрісу мерекесін тойлаушылардың ықыласы- ыстық, көңілі-көтеріңкі. Бұл мереке бүгінмен бітпейді. Келесі наурызға дейін көріспегендер көрісіп, бір-біріне ақ тілегін арнайды. Төскейде малы, төсекте басы қосылған көршілес Орал халқы мерекені қалай тойлауда? Еркін.. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Базаргүл, өзіңді де бір жасыңмен құттықтайын! Көрісу мерекесін оралдықтар да сіздер секілді барынша сән-салтанатымен атап өтті. Қалада, аудандарда түрлі шаралар ұйымдастырылып, ата дәстүр ұлықталды. Ал ата мен әженің бауырында өсіп-өнген буын үшін бұл мейрамның орны тіпті бөлек. Бүгін де бір атаның балалары жылдағы дәстүрмен қара шаңырақта бас қосты. Жұмыста жүрген ата-анасын жоқтатпаған бүлдіршіндер де сабақтан кейін бірден осында жеткен. Әлдиі әнге айналған әженің қолынан дәм татты, батасын алды. Көже мен соғым сыбағасының орны бөлек. Немере сүйіп, шөбересінің қолынан май жеп, су ішкен қария бұл салттың ешқашан ұмытылмағанын айтады. Батыс халқы үшін бүгінгі мереке Наурыздың бастауы секілді. Бақыт ҚАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Совет үкіметінің кезінде де осындай көрісу болды. Өздерінің сыйлаған адамдарына бәрі барып көрісіп жүрді. Қартымыз екеуміз ағайын-туыс, туысқандарға қыс болса ат шанамен, жаз болса ат арбаменен әдейі барып көрісіп келетін болдық. Сол дәстүрімізді тастаған емеспіз. Бауыржан ҚАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Қыстан қалған қапшықтың түбіндегі ұнның қалдығы қала берді еттің қалғанын, қолда не бар, қыста қалған азықтың қалғанын пісіріп көже істеді. Барда адамды алыстатады да, жоқта адамды жақындатады дейді ғой иманды адамға. Сондықтан сол уақыттағы ішкен көженің дәмі бөлек болады. Жылдың он екі ай бойы қоныс ауыстырып, жайлы мекен іздеген бабаларымыз қытымыр қыстан аман шыққан соң, сағынып амандасатын. Бұл күні табиғи құбылыстар да байқалады дейді көнекөздер. Тихон ӘЛІПҚАЛИ, ЖУРНАЛИСТ: 14-наурызда қыста ұйықтап жатқан балпақ інінен сыртқа шығады дейтін. Сыртқа шығып, інінен ұзап жайылса, қыдырыстаса, қыс кешеуілдемей, тез шығады. Енді інінен шыға беріп, көп ұзамай қайта кіріп кетсе, көктем кешігіп шығады, қыс ұзаққа кетеді деп айтатын. Еркін КАРИН ТІЛШІ: Бұл күні кемінде 40 үйге кіріп, саулық сұрасу керек деген наным бар. Тірлігі қарбалас жандарды қинаған бұл рәсімді смартфондар жеңілдетті. Егер әлеуметтік желіде белсенді болсаңыз, қырық шаңырақпен шектелмей, бір мезетте мыңдаған досыңа жылы лебізіңді білдіресің. Айзада, бүгін қанша адамды онлайн құттықтадың? Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Айтпа, Еркін, казір телефон жаксы болды ғой. Алыстағыны жақындатты. Тан атқалы біраз адамды құттықтап үлгердім. Дос-жаран, ағайын-туыс, құда-жекжат бәрін түгендедім. Шымкентте көрісу, амал мерекесі соңғы бірер жылда ғана аталып өтіле бастағанын айта кетейін. Биыл ерекше тойлануда. Мырзабай ОМАРОВ, ӘДЕТ-ҒҰРЫП, САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Жас ұрпақтарды осындай ынтымақ бірлікке, елімізді жұртымызды тыныштыққа, молшылыққа шақыратын мереке ғой. Сондықтан бұл бұқаралық сипат алуына бірден бір себеп болатын ұлыстың ұлы алғашқы мерекесі. Наурыз мейрамына орайластырылған шараның алғашқы күнін қала тұрғындарынан бөлек көрші облыстардан келген қонақтар да тамашалай алды. Жалпы мыңға жуық адам қатысты. Алдағы күндерге 200-ге жуық шара жоспарланған. Сәкен ШАКЕЕВ, ШЫМКЕНТ қ. МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұның басты мақсаты - ұлттық дәстүрімізді, ұлттық осындай мерекелерімізді насихаттау, сақтап қалу. Әсіресе жасөспірімдердің арасында насихаттау. Негізі көрісу күні ол 14 - наурыз ғана емес, осымен жалғасады, әлі жалғасын табады. Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Ұлыстың ұлы күнінде Шымкентте жаңадан салынып жатқан ипподромда қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық өнерімізге сусындап, мерекелік шараларды тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл күні барлық азаматтар ұлттық нақышта киінуі шарт. Тіпті орталықтан қаланың сырт жағындағы атшабарға жеткізетін тегін автобустар да қарастырылған.