Бурабайда демалу Дубайдан да қымбат. Туристер Қазақстанда саяхаттағаннан көрі шетелге шығу әлдеқайда арзан – дейді. Өйткені, биыл елдегі демалыс орындарының құны тағы өскен. Бағасына сай болса мейлі ғой. Бірақ, қызмет сапасының әлі де «әттеген-айы» көп. Әріптесім Аружан Задабек жаз шықса, жылда жырлайтын ішкі туризм тақырыбына қайта тоқталуды жөн көрді. Бір күндік демалысқа қанша қаржы керек? Бәрін есептеп, көрсетеді.Көркіне көз тоймайтын демалыс орындарының бағасы мен сапасын бағамдау үшін таңсәріден жолға шықтық. Астанадан Бурабайға баратын жол теп-тегіс. Әзірге шығын ақылы жол мен жанармайдың құны ғана. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Бурабайға саяхат дәл осы жерден басталады. Демалыс аумағына кіру үшін алдымен дәл осы жерде ақша төлеу керек. Бір адамға – 345 теңге. Бурабайда шомылау маусымы әлі басталған жоқ. Соған қарамастан демалушы көп. Сәйкесінше түрлі ақылы қызмет көрсететіндердің дәурені жүріп тұр. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Бурабайға келген әр адам осындай катамаранға отырмай кетпейді. Өйткені осы арқылы көлдегі барлық тамаша сұлулықты көруге болады. Ал, мұнын құны жарты сағатқа 3000-5000 арасы. Мұнда катамаран мен қайықты жалға беретін бірнеше орын бар. Бірінің жанына барып, әңгімеге тарттық. Жалға беру құны арзандамай ма деп сұрап едік, «қазір бәрі қымбат» деп шығарып салды. Бурабайды қайықпен аралауға ақшамды қимадым. Велосипедпен тамашалайын дедім. Түс ауа, қарын шұрылдап, тамақтануға келдік. Оның да бағасын бағамдадық. Шығын 5 адамға – 12 мың теңге. Тамақ пен өзге қызметтерді былай қойғанда мұнда суретке түсудің өзі -ақылы. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Бурабайға келген тұрығындар осындай қазақша киімді киіп, таққа отырып суретке түсуді әдетке айналдырған. Мұнын құны – 2 мың теңге. Егер суретті қоса алсаңыз 3 мың теңге төлейсіз. Мұндағы бір кәсіпкер бір маусымда, шамамен, 10 мың адамды суретке түсіреді. Енді есептей беріңіз, мұндағы кәсіпкерлер тек суретке түсіріп бір маусымда 20 миллион теңге табыс табады. Райхан РАШИТОВА, КӘСІПКЕР: Әлемнен келген кісілер көп түседі. Финляндия, Норвегия, Франциядан болды кісілер. Индонезиядан көп келеді, Тайландтан көп келеді. Туристер өте көп. Табиғаты әсем өлкенің ауасын қимай, түнеуді жөн көрдік. Жатын орын іздеп, қонақүйлерге бардық. Бір күнге – 50 мың теңге сұрады. Бұл – ең арзаны. Енді не істейміз деп тұрғанда көшеде «жалға үй бар» деген жазумен тұрған бірнеше ер адамды көрдім. Бағасын айтып, базына қылсақ та мұнда келетін турист көп. Табиғаты үшін тау асып келеді. Расында, Бурабайдың көркіне көз тоймайды, ал көңіл тола ма? БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Мен өзім біраз шетелге барып жүрмін. Дубай, Қытай деген сияқты. Солармен салыстырғанда, Дубай қазір арзан. - Бір кіріп шыққан жеріңізге сіз қазір 15-20 мың теңге тастайсыз. Тамақ жағы қымбат. - Қымбаты да бар, арзаны да бар. - Көп адамның қалтасы көтере бермейді мұндайды. Сонымен, біздің шығын мынадай. Қысқасы, бір күн рахаттанып демаламын десеңіз, шамамен, 100 мың теңге дайындай келіңіз! Бұл- тек бір адам үшін. Оның ішіне қонақүй, үш мезгіл тамақ пен түрлі ақылы қызметтер және жол ақысы кіреді. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Әр адам өз демалыс уақытын осындай әсем жерде өткізгенді қалайды. Мұндай орындар жаныңды тыныштандырып, қу тіршіліктен алыстатады. Бірақ өкінішке қарай,бұған барлық адамның мүмкіндігі жоқ. Себебі, мұндағы баға біраз адамның қалтасын қағып тұр. Бұған бүгін өзімізде куә болдық.