Жамбыл облысында бір ауылды біте мен бүрге басты. Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындары зиянкестерден зәбір көруде. Қасынудан қол босамай, қышына-қышына қотыр болдық дейді. Балаларын далаға шығар алмай әбден шаршаған жұрт шарасыздықтан көшеге өздері шығып шу шығарды.Құлан ауылының тұрғындары біте мен бүргеден құтыла алмай отыр. Ас үйден бастап, жатын бөлмелеріне дейін жайлап алған. Көшеде көбелектей ұшып жүр. Зиянкесті залалсыздандырып көрген. Нәтиже бермеген. Айғайға басқан бұқара әкімдіктегілерді ауласына шақырып, біте араласқан асты ауыз тигізбек болды. Тұрғындар ауыл ішіндегі диірменді алысқа көшірмей зиянкестен құтылмаймыз дейді. Күн жылыса көретін күніміз осы деп ашуға булықты. Үйдегі дүние-мүлік жыбырлаған жәндікке толып, бала-шаға биттей бастаған. Көпшілікпен кездесуге келген аудан әкімінің орынбасары тұрғындарды аяғына дейін тыңдамай көлігіне мініп қашпақ болды. Ашынған жұрт айғайға басып оны көліктен түсіріп алды Еркін СЕЙТЖАПАРОВ, ҚҰЛАН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Халықтың өзі бір ай уақыт бердік оларға. Бергенде мен беріп отырған жоқпын, халық беріп отыр. Бұл мәселе бірінші бір айдан кейін не істемейтін болса, онда уже халықтың талабы мына қойманы ауыл сыртына шығару. Аудандық шенеуніктер бір ай ішінде шыбын-шіркей мәселені шешеміз деп уәде берді. Қамба қожайыны халық талабын орындамаса диірменді ауыл сыртына шығаруға шешім шығарамыз деп отыр.