Партия Төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT»-тың кезектен тыс XXV Съезінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.«Біз аз ғана уақыттың ішінде халқымызбен, қоғаммен бірге өзгердік. Партияға түпкілікті трансформация жасадық. Бұрынғыдай құрғақ уәде мен жалаң ұрандардан арылдық. Сөзден нақты іске көшіп, саяси алаңда да, қоғамдық жұмыста да барынша ысылдық, шыңдалдық. Шын мәнінде Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне, елдегі түбегейлі реформалардың қозғаушы күшіне айнала білдік. Ең бастысы, «AMANAT» партиясы қысылтаяң сәттерде әрдайым халқымызбен бірге болды», - деді ол. Ерлан Қошанов былтырғы қиындықтарды еске салды. «Өткен жыл мемлекетіміз үшін де, халқымыз үшін де ауыр сынақ жылы болды. Қаңтарда ел тағдыры көкпарға түсті. Тәуелсіздігімізге қауіп төнді. Қоғамның тыныштығы, береке-бірлігі нілдей бұзыла жаздады. Таразының бір басында үрей мен күдік, екінші басында үміт пен келешек тұрды. Осындай алмағайып уақытта Мемлекет басшысы бар жауапкершілікті өз мойнына алып, батыл да шұғыл шешімдер қабылдады. Президент халқына, халқы Президентіне арқа сүйеді. Соның арқасында үмітіміз үзілген жоқ, туымыз жығылған жоқ. Ең бастысы, халқымыз таңдаған жолымыздың дұрыстығына көз жеткізді. Президент реформаларының төңірегіне топтасты», - деді Қошанов.