Бұған дейін жоғарыдан тағайындалған ауыл әкімдерін халықтың өзі таңдауға мүмкіндік берілгеніне биыл үш жыл толады. Ал былтыр аудан мен облыстық маңыздағы қалалардың басшысын бұқараның өзі анықтаған еді. Мамандар бұл жаңашылдық халықтың саяси сауатын арттырды десе, тұрғындар өздері сайлаған әкімнен сайлауалды бағдарламаның орындалуын талап ете аларын айтады. Тың бастаманың нәтижесі туралы тілшіміздің материалында. Жаннұр Ахметов - үш жыл бұрын өңірде өткізілген сайлауда жеңіске жеткен 31 ауыл әкімінің бірі. Тұрғындардың 75% оны басшы болуға лайық деп дауыс берген. 35 жасында ауыл тізгінін ұстаған азамат сайлауалды бағдарламасын үш жылда 200% орындадым дейді. Өйткені берілген уәде сөз күйінде қалмауы тиіс. Орындалмаса ұяты өзіне келеді. Жаннұр АХМЕТОВ БҚО, АҚСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Үлкен тәжірибе жинадым. Сайлауалды бағдарламамен жүргенде халықтың аманатын, халықтың үмітін ақтауға күш-жігеріңді, тәжірибеңді салуға тырысасың. Халық сайлаған әкім болғаннан кейін сұраныс менен болғасын, біріншіден - ұят, екіншіден өзімнің шама-шарқым жеткенше, хал-қадерім жеткенше халыққа қызмет етіп, Ақсуат ауылдық округінің көркеюіне барынша үлесіңді қосуға тырысасың. 3 мыңдай тұрғыны бар ауылда үш жыл бұрын ұялы байланыс нашар, мектеп тапшы, жастарға арналған демалыс орындары да жоқ еді. Бүгінде ауылдық округтерге кіре беріс жол салынып, білім ордалары бой көтерген. "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша ауыз суға қарық болған ауылда қазір 4G желісі ұстап тұр. Шалағай шенеуніктердің қоқыс полигонының қақ ортасынан ауыл саламыз дегеніне әкімнің қарсы шыққаны тұрғындарға ұнаса керек. Енді көп болып қоқысты тазартқасын, 300 үйлік жаңа қоныс бой көтермек. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Өзіміз ошибаться еткен жоқпыз, что осы әкімді сайлағанымыз үшін. Қандай вопростар поднимать етсе де, халықты жинап, солармен общий решать етеді вопростардың бәрін де. - Дауыс бердік, бергенімізге өкінбейміз. Себебі оның нәтижесін көріп жатырмыз біздер. Халықтың игілігі үшін көп жұмыстар атқарылып жатыр. Ол кісі біріншіден қазақы жерден келген. Ауылдың тыныс-тіршілігінен толық таныс адам. Бұл бастама халықтың саяси сауатын арттыруға әсер етті, дейді мамандар. Өйткені ұнаған үміткерді өздері таңдай алатынына жұрттың көзі жеткен. Әділ ЖОЛАМАНОВ, БҚО АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл сайлаудың бізге берген көмегі - халықтың да жауапкершілігін арттыруға тікелей әсерін тигізеді. Өйткені тек қана әкім жасамайды, әкімді сайлаған халықтың өзі де тікелей жауапкершілікте болып, бүкіл ауылдың көлеміндегі, округтің көлеміндегі халықтың тұрмысын жақсартуға бірге жұмыстар атқаратын болады. Биыл 30 ауылдың әкімі сайланбақ. Одан кейін облыс басшысын халық анықтайтын күн де алыс емес.